
Қамыстылық оқушылар құзға өрмелеу спорт түріне ерекше қызығушылық танытуда
Қамысты ауданындағы туристік-спорттық үйірмеге қазіргі таңда 28 бала қатысып, құзға өрмелеу бойынша тәжірибе жинап жатыр. Бұл спорт түрі балаларға физикалық шынығумен қатар, төзімділік, батылдық және командалық рухты дамытуға мүмкіндік береді
Аталған бағыт аясында Қамысты аудандық №2 жалпы білім беретін мектебінің базасында туризм үйірмесі жұмыс істейді. Бүгінде мұнда 28 бала барып жүр. Үйірме үшін арнайы кабинет жабдықталған. Алғашқы кезеңде материалдық-техникалық база ескі болғанымен, 2025 жылы заманауи талаптарға сай толықтай жаңартылды. Қазіргі таңда кабинет сақтандыру жүйелерімен, альпинистік арқандармен, карабиндермен және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Бұл сабақтарды қауіпсіздік техникасын қатаң сақтай отырып, жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

Тәжірибелік сабақтардың тиімділігін арттыру мақсатында №2 жалпы білім беретін мектептің спорт залында арнайы скалодром орнатылды. Скалодром оқушылар үшін үлкен қызығушылық тудырып, туристік дайындықтың маңызды элементіне айналды. Мұнда өткізілетін жаттығулар балалардың күш-қуатын арттырып, төзімділік, ептілік, қозғалыс үйлесімділігі мен батылдықты дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, оқушылар бір-біріне қолдау көрсетуге, командалық жұмысқа және жауапкершілікке үйренеді.
Қазіргі уақытта туристік-спорттық үйірмеге аудан орталығындағы №1 және №2 жалпы білім беретін мектептердің оқушылары белсенді қатысуда. Балалардың бұл бағытқа деген қызығушылығы өте жоғары, сабақтарға тұрақты қатысып, жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен ынта білдіруде. Туризм үйірмесі оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, өмірлік маңызды дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оқушылар шығармашылық үйінің директоры Динара Қабантаева туристік бағыттың тәрбиелік және әлеуметтік маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Туризм – бұл тек спорт емес, ол балаларды шыдамдылыққа, тәртіпке, өзара көмекке және жауапкершілікке тәрбиелейтін кешенді бағыт. Бұл спорт түріне балалардың қызығушылығы бір жаттығуға қатысқаннан-ақ байқалады. Бұл Қамысты сияқты шалғай аудандар үшін таптырмас спорт түрі. Балалардың туризмге деген қызығушылығының жоғары болуы – біздің дұрыс бағытта жұмыс жасап жатқанымыздың айқын дәлелі. Алдағы уақытта бұл бағытты одан әрі дамытып, оқушыларды түрлі деңгейдегі туристік жарыстар мен іс-шараларға қатыстыруды жоспарлап отырмыз», – деді директор.

Алдағы жылдары туристік бағыт аясында оқу-жаттығу сабақтарының санын арттыру, туристік жорықтар ұйымдастыру және тәрбиеленушілердің аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарға қатысуына жағдай жасау көзделіп отыр. Бұл жұмыстар оқушылардың жан-жақты дамуына және белсенді азаматтық ұстанымының қалыптасуына ықпал ететін болады.
«Қазіргі уақытта туристік-спорттық бағыт бойынша оқушылар шығармашылық үйінің екі педагогы жұмыс істейді. Олар құзға өрмелеу бойынша практикалық дағдыларды балалармен бірге тікелей меңгеріп, жеке үлгі көрсетуде. Бұл тәсіл педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, заманауи әдістерді тәжірибеде қолдануға және сабақтарды сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – дейді Динара Төлендіқызы.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді Динара Қабантаева ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31