Жанкелдиндік диқандар техникаларын жаңартты

Жанкелдин ауданының шаруа қожалықтары ауылшаруашылығы техникаларын жаңартуға қарқынды бетбұрыс жасап келеді.

«Жеңілдікті лизинг», «Қазақстанда жасалған» және «Өз жем-шөбім» бағдарламалары аясында 4 комбайн, 12 фронталды жүктиегіш, 1 экскаватор, 37 дөңгелекті тракторлары сатып алынды.

Бұл жалпы құны 1 млрд 42 млн теңгенің техникалары. Атап айтқанда, 21 шаруа қожалығы қаражаты есебінен 270 млн теңге жұмсаған болса, лизинг арқылы келген сома – 772 млн теңге.

«Жеңілдікті лизинг» бағдарламасына Көлқамыс ауылындағы «Сыма-К» шаруа қожалығы қатысып, шөп престеу техникасын, 2 шөп шабатын құрылғы, шөп тиегіші бар 2 Беларусь тракторын алыпты. Техниканың барлығына 6 пайыздық жеңілдетілген бағдарлама арқылы қол жеткізіп отыр. Ауыл шаруашылығына қажетті бұл жабдықтардың бағасы 48 млн теңге.

«Мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Жұмыс істейтін адамға, әсіресе ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге мүмкіндік мол. Қазіргі қатысып отырған бағдарламамыз біз үшін өте тиімді. Былтыр бес техника жаңарттық. Жеті жылға жылдық мөлшері 6 пайыздық үстемемен беріп отыр. Әйтпесе 48 млн теңгеге шаруашылық қажеттілігін жаңарту оңай емес. Бұл техниканың барлығы өзін-өзі ақтап шығады. Қазір асыл тұқымды мал көбейтуге де жеңілдетілген несие беріліп жатыр, оған қатысу да жоспарымызда бар» , – деді «Сыма-К» шаруа қожалығы басшысы Манат Карбозов.

Қазір «Сыма-К» шаруашылығында төрт түлік малдың барлық түрі бар – 1500 қара мал, 500 бас жылқы, мың бас қой-ешкі мен 150 түйе.

«Ауылда барлық жағдай жасалған. Өткен жылы су тасқынынан кейін ауыл қалпына келді. Жаңа мектеп пайдалануға берілді. Онда алпыс бала оқиды. Көлқамыста жылына 7-8 нәресте дүние есігін ашады. Ауылымызда 12 «Батыр ана» бар», – дейді Манап Карбозов.

Жаңашыл, іскер азамат кәсібін дөңге¬летіп, ауыл тұрғындарын дерлік жұ¬мыс¬пен қамтып отыр. Соның нәти¬же¬сінде, шалғайдағы ауыл көркейіп, уақыт өткен сайын өсіп-өркендеп келеді.

Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келген сапарында: «Өз жеріне жылына тек екі-үш рет келетін, табыс жинап, Алматыда немесе шет мемлекеттерде тұратын меншік иелері керек емес. Неге десеңіз, қожайындар алдымен жерге, ауыл тұрғындарына қамқорлық танытып, жұмыспен қамтып, әлеуетін арттыруы керек», – деген болатын.

Міне, сол ел Президентінің агроөнеркәсіп өкілдерімен өткізген басқосуына «Сыма-К» шаруа қожалығы басшысы, облыстық мәслихат депутаты Манат Кәкімжанұлы да қатысып, мемлекеттік қолдау шараларымен қатар, ауылға маман тарту мәселесін айтқан еді. «Біз ангус тұқымды ірі қара малдың селекциялық жұмыстарымен айналысамыз. Соңғы 3 жылда мал басын үш есеге арттырдық. Қазіргі таңда ірі қара 1,5 мыңға жетті. Кәсіпорында тұрақты 25 жұмыс орны ашылды. Маусымдық жұмыстарға 25-30 адамды аламыз. Кәсіпорынды дамыту мақсатында өз қаражатымызға жергілікті жастарды оқытып, білім алып, қайтадан туған еліне қызмет етуіне кепілдік ұсыныс айттық», – деген болатын Манат Карбозов. Ел Президенті сол жолы мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсететінін жеткізді.

Өткен жылы Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында көктемгі дала жұмыстарының барысын тексеріп, өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерімен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Манат Кәкімжанұлы бұл жүздесуге де қатысты.

Кездесу барысында аграршылардың айналым қаражатын толықтыру үшін субсидиялау, мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру, салаға білікті мамандар даярлау, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді дамытуға бизнестің белсенді қатысуы мәселелері көтерілді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер басқосуына «Сыма-К» шаруа қожалығынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 12