Қамыстыда «Таза чат-бот» неге белсенді емес?

 Сервис аудан тұрғындары арасында кең таралмай отыр.

Облыс әкімінің төрағалығымен «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасын іске асыру бойынша өткен алқалы жиын өтті. Онда барлық өңірлерде атқарылған жұмыстар сараланды.
Өткен жылы Қамысты ауданы аумағынан 60 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 2 900-ден астам жеке тұрғын үй ауласы мен 6 көппәтерлі тұрғын үйдің аумағы тазартылды. Сонымен қатар 6 саябақ, 3 сквер және 5 аллея ретке келтіріліп, 13 ескерткіш пен тарихи маңызы бар нысандар абаттандырылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды салатын 10 жаңа контейнер орнатылды. Көгалдандыру бағытында жоспарланған 3 500 көшеттің орнына 5 190 түп көшет отырғызылып, жоспар 148 пайызға орындалды. Атап айтқанда, «Атамекен» жаңа саябағына 250 қарағай егілді, 820 түп «Вязь» бұтасы және 4 370 пирамидалы терек отырғызылды. Бұл жұмыстарға 14,2 млн теңге қаржы жұмсалды.
Жетістіктермен қоса кемшіліктер де айтылмай қойған жоқ. Былтыр облыста ұзын-ырғасы 143 мың түп көшет егілген. Ал соңғы үш жылдағы көрсеткіш 380 мың түпке жуықтайды. Дей тұрғанмен бұл шаруаның да шалалығы жоқ емес. Әңгіме егілген ағашқа дұрыс күтім-бап жасалмауында. Соның салдарынан көшеттердің бой тартпай, қуарып-солып қалу дерегі жиі тіркеліп жатады.
«Негізгі мақсат – егу жоспарын орындау ғана емес, олардың күтіміне ден қою. Сондықтан көшет егу жұмыстарының сапасын бақылауды күшейту керек. Жүйелі түрде әрі уақытылы суару, баптау және олардың қалып-күйіне ұдайы мониторинг жүргізіп отыру шарт», – деді облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов бұл жөнінде.
Баяндамашы сондай-ақ көпке танымал «Таза чат-бот» тетігі арқылы барлық тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын жолдай алатынын еске салды. Жыл басынан бері аудан-қала әкімдіктері 2 мыңға жуық хабарлама қабылдап, мәселеге уақытылы тосқауыл қоюға мүмкіндік алған.
«Бірақ тұрғындары белсенді емес өңірлер де бар. Оның арасында Қамысты ауданы да бар. Бұл тұрғындардың осы платформаның мүмкіндігі туралы ақпарат таратылмағанынан хабар береді», – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов «Таза Қазақстан» бір реттік бағдарлама емес, ұдайы жалғаса беретін игі үрдіске айналуы керегін айтып, тұрғындарды тазалық пен тәртіпке шақыратын жоба жолында жұмылуға шақырды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3