Денисовтен шыққан паралимпиадашының анасы ұрпақ тәрбиесі туралы ой бөлісті

  Бүгін, 6-наурызда Итальяның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XIV қысқы паралимпиада ойындары басталады.

Ел намысын қорғауға аттанған қазақстандық спортшылардың қатарында Денисов ауданы Глебов ауылының шаңғышысы Нұрлан Алимов бар. «Баласы бәйгеге шапса, анасы тақым қысар» деген әдемі сөз бар халқымызда. Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі додада баласына тілекші болып отырған спортшының анасымен сөйлесуді жөн көрдік.

 Шаңғышының анасы Ақалтын Амантайқызы балаласының спортқа деген қызығушылығы кішкентай кезінен басталғанын айтады. Ұлының ұмтылысын ата-анасы қолдап, демеу білдірген.

-Нұрлан мектепте оқып жүрген уақытында дене шынықтыру мұғалімінің жетекшілігімен шаңғы үйірмесіне барды. Алғашқы жаттығудан-ақ оның аталған спортқа деген ынтасы арта түсті. Ауылдағы және аудан бойынша өткен көптеген жарыстарға қатысып, мүмкіндігін сынап көрді. Мектеп бітіргеннен кейін де жаттығуды үзбей жалғастырды. Бала кезінен еңбекқор болып өсті. Алдына қойған мақсатына жету үшін ешқашан берілмейтін. Ол кез келген жеңіс үздіксіз дайындық пен күш жігерді талап ететінін түсінеді. Бұл қасиет нағыз спортшыға тән. Нұрлан спортқа деген шынайы сүйіспеншілігінің арқасында облысқа танылды. Мінекей, енді әлемдік деңгейдегі паралимпиада ойындарында мемлекетіміздің атынан қатысуға мүмкіндік алып отыр. Мұндай маңызды жауапкершілікті лайықты дәрежеде көтереді деген сенімдемін,-деп ішкі толқынысын жасырмады анасы.

Ана жүрегі баласы үшін қобалжиды. Әлем халқы назарын аударған үлкен сайыста баласы жақсы нәтиже көрсетіп, ел сенімін ақтаса екен деп тілеп отыр. Нұрлан Алимовтың жеңісіне күллі Қазақстан халқы үміт артуда.

Алимовтар отбасында тағы бір спортшы бар. Нұрланның інісі Азамат таеквондомен айналысады. Ағайындылардың екеуі де бала шақтарында қолдарынан айырылып, тағдырдың үлкен соққысына тап болған. Бірақ, бұл қиындық оларға кедергі емес, керісінше шыңдады, қанат бітірді. Олардың бойындағы қайсарлық пен ерік жігер спорт шыңын бағындыруға ықпал етті.

Аталған әулет көпбалалы жанұяға жатады. Спортшы жігіттердің анасы Ақалтын Алимова алты құрсақ көтерген жан. Төрт ұл және екі қызды жарық дүниеге әкелді. Тұңғышы Нұрлан 1987 жылғы. Екінші ұлы Азамат 1991 жылы туган. Үшінші ұлы Олжас 1993 жылы дүние есігін ашты. Төртінші жігіт Саяхат 1994 жылы өмірге келді. Алтын құрсақты ана төрт ұлдан соң, 2001 жылы Анель есімді қызын босанды. Үйдің кенже қызы Аиша қазір 9-сыныпта оқып жүр. Балаларының алды ересек, әр салада жұмыс істеуде. Олардан тараған үш немере өсіп келеді.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Сурет кейіпкердің мұрағатынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 14