Референдум және мерекелік көңіл-күй

 Жанкелдиндіктер белсенділік танытуда.

Жанкелдин ауданында жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум күні жоғары деңгейде және мерекелік атмосферада өтуде. Таңғы сағаттардан бастап тұрғындар дауыс беру учаскелеріне келіп, азаматтық борыштарын орындауда. Көпшілік көршілерімен, отбасыларымен бірге келіп, маңызды қоғамдық науқанға белсенді қатысып жатыр.
Аудан бойынша барлығы 23 референдум учаскесі жұмыс істейді. Әрбір елді мекенде тұрғындар ұйымшылдық танытып, өз таңдауларын жасауда.

Ауданның ең шалғай орналасқан учаскелерінің бірі – Бидайық ауылындағы №291 референдум учаскесі. Мұнда көпшілікке үлгі болған қарт ұстаз, ардагер Әмина Ахмет келіп, өз таңдауын жасады. Ардагер ұстазға естелік сыйлық табысталып, құрмет көрсетілді. Бұл ауыл тұрғындары үшін ерекше сәттердің бірі болды.

Торғай ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектепте орналасқан №308 референдум учаскесінде де тұрғындар белсенділік танытты. Бір көшенің тұрғындары ұйымдасып, бірге келіп дауыс беріп, ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Ал Сарысу ауылының тұрғыны, бес баланың анасы Жансая Жукина №316 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Көпбалалы анаға құрмет көрсетіліп, арнайы сыйлық табысталды.

– Бұл жай ғана бюллетеньдегі белгі емес, бұл – ел тағдырына бейжай қарамайтын адамның таңдауы. Бүгін қабылданған әрбір шешім балаларымыздың болашағына әсер етеді, – дейді Жансая Жукина.

Жалпы, Жанкелдин ауданында референдум күні ұйымшылдық пен белсенділік жағдайында өтіп, тұрғындардың ел болашағына бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте көрсетті.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді өңірлік референдум комиссиясынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 0