Сарыкөл кентінде Наурыз мейрамына орай «Көже party» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды

 Н.Дәулетова атындағы аудандық кітапханада Наурыз мейрамына орай «Көже party» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Мерекелік шараға кітапхана оқырмандары, ауыл тұрғындары, жастар мен ардагерлер қатысып, Ұлыстың ұлы күнін бірге атап өтті.

Кітапхана ұжымы келген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, ұлттық дәстүрді дәріптеуге бағытталған тағылымды іс-шара өткізді.

Кітапхана ауласында арнайы наурыз көже мен бауырсақ пісірілді. Самаурынға шәй қойылып, таза ауада кең дастархан жайылды.

Жиналған қауым ұлттық тағамдардан дәм татып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтып, Наурыз мерекесінің шынайы атмосферасын сезінді.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Болат Қарбанов пен аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Солдат Дүтпаев қатысып, жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Олар өз сөздерінде Наурыз мейрамының халқымыздың береке-бірлігін нығайтып, татулық пен ынтымақты арттыратын ерекше мереке екенін атап өтті.

Сонымен қатар шара барысында ұлттық дәстүрлер туралы әңгімелер айтылып, қатысушылар арасында жылы әңгіме өрбіді. Мұндай кездесулер жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, үлкен мен кішінің арасындағы сабақтастықты нығайтуға септігін тигізеді.

Осындай мазмұнды әрі тағылымды шаралар арқылы кітапхана ұжымы ұлттық құндылықтарды насихаттап, оқырмандарға рухани орта қалыптастыруды жалғастыра бермек.

Руслан ӘЛКЕЕВ
Суреттерді түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2