Қарабатыр ауылында ұлттық тағам дәстүрі

Келіннен келінге жалғасып келеді

Наурыз – қазақ халқы үшін тек жаңа жылдың бастауы ғана емес, береке мен бірліктің, жаңарудың мерекесі. Осы мерекенің басты тағамы – наурыз көже. Оның ортақ мәні бір болғанымен, дайындалу тәсілі әр өңірде, әр отбасында өзінше ерекшеленеді. Бүгін Қарабатыр ауылының тұрғыны Маржанкүл Мұқышеваның дайындайтын дәмінің ерекшелігі туралы жазатын боламыз.
Ахметжан әулетінің келіні Маржанкүл Мұқышева бұл ұлттық тағамды анасының үйреткен жолымен көп жылдан бері үзбей әзірлеп келеді. Ол осы шаңыраққа келін болып түскеніне 45 жыл толса, ал үлкен келіні Қуанышгүл Оспанова келін болып түскеніне 21 жыл болған. Екі буын келін үшін де қара шаңырақтағы бұл дәстүр ерекше маңызға ие. Жыл сайын олар атасының үйіне барлығы жиналып, наурыз көже ішуді отбасының айнымас дәстүріне айналдырған.
Қарабатыр ауылының тұрғыны, бүгінде зейнеткер Маржанкүл апай жасы 67-де. Нүреддин ағамыз екеуі бес баласынан 10 немере, 13 жиен сүйіп отыр. Ол наурыз көжені тоқсаныншы жылдардан бері тұрақты түрде дайындап келеді. Оның айтуынша, бұл тағамның нақты, өзгермейтін рецепті жоқ. Әр отбасы өз қалауына қарай түрлі дәм қосады. Дегенмен, ең басты шарт – көжеге кемінде жеті түрлі дәмнің қосылуы.

– Наурыз көжені дайындағанда қазанға алдымен соғымнан сақталған ең кәделі мүшелер – қазы мен шұжық салынады. Біздің өңірде көктемде шыбын-шіркей шықпай тұрып, етті сүрлеу дәстүрі бар. Сондықтан көжеге көбіне сүр ет қосамыз. Мұндай ет тағамға ерекше хош иіс пен дәм береді, – дейді Маржанкүл апай.

Наурыз көжеге қосылатын әрбір дәмнің өзіндік мәні бар. Мәселен, ақ мол болсын деген ниетпен айран мен құрт қосылады. Бұл – мал басы көбейіп, төлдің мол болуын тілеген ырым. Ал астықты өңір болғандықтан, көжеге тары, бидай, арпа секілді дәндер міндетті түрде салынады.

– Мен көжеге бидай, арпа, тары дәнін қосамын. Дәндерді жуып, жеке-жеке қайнатып аламыз. Қазақ ұғымында байлық пен береке ең алдымен наннан басталады. Нан – дастарханның көркі, молшылықтың белгісі. Сонымен қатар күріш пен тары да қосылады. Тарыдан жасалатын тағамдар қазақ дастарханында ерекше орын алады. Сондықтан оны көжеге қосу – жыл бойы дастарханнан ырыс кетпесін деген ниетті білдіреді. Нәтижесінде наурыз көже қою әрі тойымды болады. «Наурыз көже ішкен адам жыл бойы тоқ жүреді» деген ырым бар. Одан айран қатып, даяр болған наурыз көжені ішуге ұсынамыз, – дейді Маржанкүл апай.

Тағы бір маңызды дәстүр – наурыз көжеден алдымен көрші-қолаңға ауыз тигізу. Бұл – береке мен татулықтың, сыйластықтың белгісі.
Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл тағам тек ас емес, ниет пен тілекке толы.

– «Ел тоймаса, жер тою керек» деп айтып отыратын аналарымыз. Жер де, ел де тойыну керек. Сондықтан наурыз көжені мол етіп пісіреміз. Бұл – бір жағынан, жыл бойы аман-есен жеткенімізге шүкіршілік ету, екінші жағынан балаларымыздың амандығын тілеу. Осындай игі дәстүр үзілмесін деп, келіндеріме де осының бәрін үйретіп келемін, – дейді ол.

Қарабатыр халқы Наурыз мейрамын жыл сайын ерекше атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ауылда бұл күні тек мерекелік шаралар ғана емес, ұлттық тағамдарды дәріптейтін игі бастамалар да ұйымдастырылады. Соның бірі – наурыз көже пісіруден өтетін сайыс. Бұл сайыс ауыл тұрғындарының ынтымағын арттырып қана қоймай, әр отбасының өзіне тән дайындау тәсілін таныстыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, наурыз көже тек тағам ғана емес, ұлттың рухани құндылығын, отбасы бірлігін және ұрпақ сабақтастығын айқындайтын қасиетті ас болып қала береді.

Шұға Қоңқабай
Сурет кейіпкердің өзінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1