Қамыстылық отбасы қаражатты білімге жұмсады

Болашаққа бөлінген енші.

Қазақстанда 2024 жылдан бастап іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жас ұрпақтың болашағына бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған жоба аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысынан әр балаға жыл сайын тең үлес бөлініп, 18 жасқа дейін жинақталады. Кейін бұл қаражатты тек білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға болады.

Қостанай облысы бойынша 2025 жылғы 1 шілдеге дейін 1 367 азамат жиналған қаржыны білім алуға жұмсаған. Бұл мақсатқа бағытталған жалпы сома шамамен 158 мың АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2 мыңнан астам өтініш беріліп, оның 1 788-і мақұлданған. Жалпы көлемі – 221,4 мың доллар.

Бағдарламаның тиімділігін қамыстылық тұрғын Ақбидай Жеңісханның отбасы нақты мысалмен көрсетіп отыр. Оның қызы Назым Хасен Алматы қаласындағы жоғары оқу орнында ақылы бөлімде білім алуда. Кәмелетке толғаннан кейін жиналған қаражат толықтай оқу ақысына бағытталған.

– Құжаттарды рәсімдеп, қаражатты тікелей оқу орнының шотына аудардық. Бұл біз үшін үлкен қолдау болды. Барлығы ашық әрі түсінікті ұйымдастырылған, – дейді Ақбидай Жеңісхан.

Қаражатты пайдалану тәртібі де қарапайым: 18 жасқа толған соң бала атына арнайы шот ашылып, жинақ толық аударылады. Одан кейін азамат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы уәкілетті операторды таңдайды. Бұл – Қазпошта немесе екінші деңгейлі банктер. Қажетті құжаттар тапсырылғаннан кейін қаражат тікелей оқу орнына немесе тұрғын үйге аударылады.

Мамандардың айтуынша, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – ұзақ мерзімді стратегиялық жоба. Ол жас қазақстандықтардың білім алуына, баспана мәселесін шешуіне және қаржылық тұрақтылыққа ертерек қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген – автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 4