Қарасулық «Байғұл» шаруа қожалығы ауыл спортын дамытуға дем беруде

Қарасу ауданының Октябрь ауылындағы «Байғұл» шаруа қожалығы жылдағы дәстүрден таймай биыл да волейболдан ерлер арасында ашық турнир ұйымдастырды. Халықаралық деңгейде жетінші рет өткен спорт додасында Қырғыстаннан келген команда топ жарды.  

Аталмыш турнир алғашында жастар арасында спортты насихаттау және ұлттық құндылықтарды, соның ішінде әз Наурыз мейрамын дәріптеу мақсатында қолға алынған еді. Сонау 1998 жылдың көктемінде ауыл арасында басталған Наурыз турнирі уақытпен қатар дамып, кеңейіп үлкен дәрежелі жарысқа айналды. Бұл жайында шаруа қожалығының басшысы, ұлтжанды азамат, осы турнирдің негізін қалаушы Асқар Қошқаровтың өз аузынан естіп, жазып алдық.

– Халқымыздың ұлық мерекесі, Наурыз мейрамы қайбір жылдары ел жадынан көмескілене бастады. Қалың ел тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ұлыстың ұлы күнімен қайта қауышты. Сол кезеңде ұлттық құндылықты насихаттауға қосқан үлесіміз болсын деген ниетпен волейболдан Наурыз турнирін қолға алдық. Басында ауыл арасында өткізіп жүрдік. Келе-келе командалар көбірек жиналып, ауқымы кеңей түсті,-деп игі бастаманың шығу тарихын баяндап берді.

Ауыл ішіндегі жарыс жобамен 2006 жылға қарай аудандық турнир мәртебесіне ие болады.  Айналасы бірнеше жылдың көлемінде облыстық деңгейге көтерілді. Жеті жылдан бері халықаралық додаға айналды. Ал енді не себепті волейбол спорты таңдалды деген заңды сауал қылаң беретіні ақиқат. Оған себеп, игі істің бастамашысы Асқар Байғұлұлы өзі де волейболды шебер ойнайды. Әлі күнге бабында. Жанашыр жан жас спортшыларға демеу білдіру үшін волейбол спортын таңдап алыпты.

Турнир атауына сай жыл сайын наурыз айында өтетін. Бір уақыттары осы сайысқа қатысуға басқа өңірлерден жеңіл көліктермен шыққан  спортшылар боранға тап болып, жол бейнетін тартыпты. Өйткені, наурыз айында Қостанай өлкесінде табиғат түрлі мінез көрсетіп, мың құбылатыны бар. Сырттан келетін меймандарға қиындық туғызбайық деген оймен турнирді былтырдан бері сәуір айына ауыстырыпты. Осылайша биылғы 17-19 сәуір аралығында «Байғұл» шаруа қожалығының жүлдесіне арналған ерлер арасындағы волейболдан халықаралық ашық турнир өтті. Оған барлығы 12 команда катысты. Кырғызстаннан, Ресейдің Челябі, Қорған, Орынбор облысынан, өзіміздің елдің Кызылорда, Ақтөбе, Ақмола облысынан және Қостанай облысының Әулиекөл, Қарабалық, Қарасу ауданының, Рудный, Қостанай қаласының ниет білдірушілері бақ сынады. Үш күндік сайыс меценат Максим Артемуктің қолдауымен салынған «Триумф» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды.

– Ұйымдастыру деңгейін жылдан жылға көтеруге тырысып жатырмыз. Жарыстың соңында спортшылармен, бапкерлермен сөйлесіп, кем кетігін сұрап аламыз. Келесі жолы соны түзетіп, жаңаша серпін беруге барымызды саламыз. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қанатты сөз бар халқымызда. Сырт көз – сыншы. Қатысушылардың ұсыныс, тілектеріне қарап бой түзесек турнирдің дәрежесі өсіп, шымырлана түседі,-деп есептейді  Асқар Байғұлұлы.

Жеке шаруа қожалығы барлық қатысушыларды сән салтанатымен қарсы алып, сегіз қанат киіз үй құрып, сол жерде берекелі дастархан жайды. Жиналғандар қазақы қонақжайлықтың үлгісіне тәнті болып жатты. Ал ойынның нәтижесінде Бірінші орынды Қырғыстан командасы қанжығасына байлады. Екінші орын Октябрь ауылының «Байғұл» командасында, үшінші орын Қызылордалық волейболшыларға бұйырды.

 

Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттер аудандық спорт бөлімінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3