Миллион теңге грант, жаңа саябақ және ауызбіршілік 

Қалам-Қарасу қалай «Үлгілі ауылға» айналды?

Торғай мен Қабырға өзендерінің ортасында орналасқан Қалам-Қарасу ауылы өңірдегі көші-қоны тоқтап, қайта жанданып жатқан берекелі елді мекендердің біріне айналды. Былтыр облыстық байқауда бас жүлдені иеленіп, «Үлгілі ауыл» атағын жеңіп алған жұрт ұтып алған миллион теңге грантқа жаңа спорттық Workout алаңын тұрғызған. Елдің ауызбіршілігі мен демеушілердің қолдауы арқасында мұнда жаңа саябақ ашылып, инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Заманауи футбол алаңы мен жаңа жолдар жоспарлап отырған ауылдың бүгінгі табысты тіршілігі қандай?

1 миллион теңгенің сыйы

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қазір елді мекеннен үдере көшу үрдісі саябырсып, туған жердің түтінін түтетіп, кәсіп ашамын деушілерге барлық жағдай жасалып жатыр.

«Қазір көшіп-кону азайды. Біздің ауыл жолдың бойында орналасқан, ауданға да, облыс орталығына да қатынас өте жақсы. Қыста боранда жол лезде аршылады. Еңбек етемін деген адамға ауылда тіршілік бар», – дейді ауыл тұрғыны Қанатбай Тұрмағамбетов.

Қалам-Қарасу ауылдық округінде бүгінде барлығы 407 адам тұрады, ал оның орталығы – Қалам-Қарасу ауылында 50-ге жуық түтін (229 тұрғын) бар. Сырттай қарағанда бұл ауыл өңірдегі ең таза, абаттандырылған елді мекендердің бірі. Былтыр ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен тазалыққа деген ұмтылысының арқасында Қалам-Қарасу облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында топ жарып, 1 миллион теңге грант ұтып алған.

Тұрғындар бұл қаражатты тиімді жұмсап, ауыл саябағына заманауи «Воркаут» (Workout) жаттығу алаңын орнатты. Ауыл белсенділері мен демеушілер де шет қалмайды. «Әділет» шаруа қожалығының жетекшісі Кенжетай Қойбағаровтың қолдауымен демалыс павильон жасады. Ермек Қайырбеков демеушілік жасап, балалар ойын алаңын қойса, 1984 жылғы ауыл түлектері түнде жарқырап тұратын стэлла орнатқан.

2026 жылға не жоспарланған?

Ауылдың ішкі әлеуметтік мәселелері шешімін күтіп тұрғанымен, жергілікті әкімдік пен халықтың бірлескен жоспары алдағы күндерге зор үміт сыйлайды. Ауылдық округ әкімі Берік Мұхамбединнің мәлімдеуінше, биыл Қалам-Қарасудың инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай дамыту үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Бүгінде барлық тиісті жобалық-құндық құжаттамалар толықтай әзірленіп, бекітілген.

Бірінші кезекте – сапалы жол желісі. Жол қатынасы – кез келген елді мекеннің экономикалық тамыры. Былтыр ауылдың кіреберіс жолының 700 метрін күрделі жөндеуден өткізуге 49 миллион теңге бағытталып, жұмыс сәтті аяқталған болатын. Биыл бұл игілікті іс ауыл ішінде жалғасын таппақ. Нақтырақ айтсақ, жалпы құны 51 миллион теңгеге бағаланған жоба аясында Душатов көшесінің 800 метр бөлігіне сапалы қиыршақ тас (щебень) төселеді. Бұл қысқы борандар мен көктемгі лайсаңда ауыл ішіндегі қозғалысты айтарлықтай жеңілдетпек.

Қалам-Қарасудың жастары спорт десе ішкен асын жерге қояды. Оған жақында ғана Арқалық қаласында өткен аймақтық турнирде жергілікті волейбол командасының жүлделі орыннан көрінуі жарқын дәлел. Жастардың осы ынтасы мен талантын қолдау мақсатында биыл ауылда 10 миллион теңгеге заманауи шағын футбол алаңын салу көзделген. Бұл нысан бұған дейін бой көтерген Workout алаңымен үндесіп, ауылдағы бұқаралық спорттың жаңа орталығына айналады деп күтілуде.

Бүгінде шағын ғана округтің экономикалық әлеуеті де бірқалыпты дамып келеді. Қазіргі таңда мұнда 8 ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік), 9 шаруа қожалығы, 1 жеке кәсіпкер тұрақты жұмыс істеп, жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтып отыр.

Ауыл шаруашылығы мен төрт түліктің амандығы – ел берекесінің кепілі. Сондықтан биыл округте жаңа ветеринарлық пункт ресми түрде іске қосылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл пункт мал ауруларының алдын алуға және өңірдегі эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтауға тікелей қызмет етпек.

Қалам-Қарасудың биылғы даму межесі айқын, ал жоспарланған жобалардың дер кезінде орындалуы «Үлгілі ауылдың» мәртебесін бұрынғыдан да асқақтата түспек.

Тұрғындарды не мазалайды?

Ауылдың сыртқы көрінісі мінсіз болғанымен, ішкі әлеуметтік мәселелері әлі де шешімін таппай келеді. Тұрғындарды мазалайтын ең басты мәселе – үйге кіргізілмеген ауыз су.

Қазір ауыл орталығында литрі 7 теңгеден сатылатын су қондырғысы бар. Бірақ жұрт судың әр үйге тікелей тартылғанын қалайды. Ауыл белсендісі Қайрақбай Жетпісбаевтың айтуынша, бұл мәселені кезінде облыс әкіміне де жеткізген, алайда құжаттар Экономика басқармасынан өтпей қалған.

 «Бізге халық саны 500-ге жетпейді деген сылтау айтады. Бірақ Ақкөл, Еңбек болсын, Аралбай, Шеген ауылдарында да халық саны 500-ден аспайды, оларға су тартылған. Бізге келгенде алалап отыр. Халық бәрін өзі істеп алды, ең болмағанда үйді-үйге су кіргізіп берсе екен», – дейді ауыл тұрғыны.

Екінші үлкен мәселе – мектеп. Қазіргі ақын Ғафу Қайырбеков атындағы мектепті 2001 жылы халық асарлап, сабаннан салған. Мектепте 68 бала оқиды.

 «Мемлекет тарапынан салынған бірде-бір мәдени ошақ жоқ. Мектепте айналдырған алты-ақ кабинет. Не асхана, не акт залы, не спорт зал, не шеберхана жоқ. Балалар екі ауысымда оқиды. Клуб деп отырғанымыз бұрынғы совхоз директорының үйі, оны да халық өзі жөндеп алған», – дейді Қайрақбай Жетпісбаев.

Сонымен қатар, 2011 жылы салынған мал өлексесін тастайтын қамбаның тозығы жетіп, құлап жатқаны да экологиялық қауіп тудыруда.

Ауылда қалған жастар

Қиындықтарға қарамастан, туған жерін көркейтуге үлес қосып жүрген жастар да аз емес. Солардың бірі – ауылдық медициналық пункттің фельдшері Гәкку Қапарқызы. Ол Арқалықтағы медициналық колледжді бітіріп, 2010 жылдан бері осы ауылда тапжылмай еңбек етіп келеді.

     «Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Осы жердің жігітіне тұрмысқа шығып, бес бала сүйіп отырмыз. Күніне ең азы 10 адам қабылдаймын. Есепте тұрған 41 науқасқа, оның ішінде 11 балаға алғашқы көмекті, екпелерді өзім жасаймын. Дәрі-дәрмекті ауданнан тасимыз», – дейді көпбалалы ана.

Қалам-Қарасу халқы бүгінде сырттан көшіп келетін отбасылар болса, құшақ жая қарсы алуға дайын. Мұнда тіпті бос тұрған, бұзылмаған екі үй де дайын тұр. Ендігі кезек жергілікті биліктің халық санына қарамастан, «Үлгілі ауылға» лайықты су мен жаңа мектеп мәселесін шешіп беруінде.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3