«Спутник» лагерінде балалардың жазғы демалысы қызықты өтуде
Жаз айы – мектеп оқушылары үшін асыға күтетін ең көңілді әрі ұзақ демалыс кезеңі. Осы орайда, балалардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізу мақсатында Қарабатыр жалпы білім беретін мектебінде «Спутник» мектеп жанындағы жазғы сауықтыру алаңы өз жұмысын бастады.
1 маусым – Балаларды қорғау күнінде салтанатты түрде ашылған лагерьдің алғашқы кезеңі 19 маусымға дейін жалғасады. Жалпы, жазғы алаң балаларды ағымдағы жылдың 31 шілдесіне дейін қабылдамақ.

«Спутник» лагерінің жұмысы белгіленген арнайы кесте мен жоспар бойынша жүргізіліп келеді. Оқушылар күнделікті таңғы сағат 9.00-ден түскі 14.00-ге дейін лагерь тәртібінде болады. Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін әр топтағы бала саны 20-дан аспайды. Үш аптаға созылатын бір кезең аясында оқушыларға арнайы дайын жылы тамақ беріледі. Бұл ата-аналардың көңілінен шығып, балалардың жайлылығын арттыра түсуде.
Қазіргі таңда лагерьдің бірінші кезеңіне мектептің 4-сынып оқушылары қабылданып, мұнда барлығы 62 бала демалуда.
Лагерьде күн сайын балалардың жас ерекшелігіне сай әртүрлі қызықты бағдарламалар ұйымдастырылады. Мектеп алды даярлық тобының тәрбиеленушісі Тоғжан Әділбек лагерьдегі әрбір күнінің ерекше өтіп жатқанын жеткізді:
«Маған лагерь қатты ұнайды. Күнде келеміз, өте көңілді. Біз үшін түрлі бағдарламалар құрастырылған. Достарыммен бірге қызықты ойындар ойнаймыз, сурет саламыз», – дейді ол ақжарқын көңілмен.
Балалардың уақытын мазмұнды өткізуге екі тәжірибелі сынып жетекшісі бөлінген. Ақбала Махамбетова мен Александра Зиновьева күн сайын оқушылардың шығармашылық, зияткерлік қабілетін ұштауға бағытталған шаралар өткізуде.

Мектеп әкімшілігі жазғы демалыстың тек ойын-күлкі емес, сонымен қатар танымдық бағытта болғанына зор мән беріп отыр. Бұл туралы Қарабатыр жалпы білім беретін мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Торғын Ибрагимова тоқталып өтті:
«Балалардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыру – біздің басты міндетіміз. Лагерь күнделікті үзіліссіз жұмыс істейді. Балалардың қызығушылығын арттыру үшін арнайы түрлі жоспарлар құрылды. Оның ішінде спорттық жарыстар, логикалық ойындар мен шығармашылық үйірмелер бар. Мақсатымыз – әр баланың жазғы демалыстан алған әсері ерекше болып, мектепке жаңа күш-жігермен оралуына жағдай жасау».
Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, жазғы алаң шілде айының соңына дейін бірнеше ауысымда балаларды қабылдауды жалғастырмақ.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ, сурет Қарабатыр ЖББМ әкімшілігінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31