Меңдіқарада «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асуда

Меңдіқара ауданында шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімді пайдаланылуы нәтижесінде кәсіпкерлік саласы аудан экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және жеңілдетілген несие бағдарламалары ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік беруде.

Бүгінде ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1209-ға жетті. Бұл салада 3,3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Кәсіпкерлік субъектілері өндірген тауарлар, көрсетілген жұмыстар мен қызметтердің жалпы көлемі 56,6 миллиард теңгені құрап, аудан экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып отыр. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» мемлекеттік жобасы да нақты нәтижесін беруде. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріліп, ауылда жаңа өндірістер ашылуда.

Солардың бірі – кәсіпкер Р.Байкүніров. Ол жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, 26,3 миллион теңгеге ет өңдеу және нан-тоқаш өнімдерін өндіретін цех ашу жобасын қолға алды. Жобаның жүзеге асуы аудан тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға және ауылдық жерде шағын өндірістің дамуына серпін береді.

Ауданда туризм саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар да қолға алынуда. Соның бірі – «СарыарқаАвтоПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Каменскурал ауылындағы бұрынғы «Солнечный» балалар лагерінің орнында заманауи демалыс базасын салу жобасы.

Жоба аясында 8,2 гектар аумаққа демалыс кешені бой көтереді. Инвестиция көлемі 3 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарланып отыр, ал нысанды 2028 жылы пайдалануға беру көзделген. Жаңа демалыс базасының іске қосылуы ауданның туристік әлеуетін арттырып, өңірге келетін туристер санын көбейтуге, қызмет көрсету саласын дамытуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар табиғаты көркем Меңдіқара өңірінің демалыс және экотуризм орталығы ретінде танылуына жол ашады.

Осылайша, Меңдіқара ауданында кәсіпкерлік пен инвестицияны қолдау бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі, кәсіпкерлердің бастамашылдығы және инвесторлардың қызығушылығы аудан экономикасының тұрақты өсіміне, халықтың әл-ауқатының артуына және ауылдық аумақтардың жан-жақты дамуына негіз болып отыр.

 

Айтолқын ӘБДІЛДА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2