Меңдіқарада өзге ұлт өкілдері де домбырада ойнайды
Домбыраның құдіретін жүрегімен сезінген жастардың бірі – Алешин негізгі орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ксения Шило. Өзге ұлттың өкілі болса да, ол қазақтың ұлттық өнеріне шынайы қызығушылық танытып, небәрі бір жылдың ішінде домбыраны еркін меңгерген дарынды оқушылардың қатарына қосылды.
Ксения 2025 жылдан бастап домбыра тартуды өз бетінше үйрене бастаған. Қызының өнерге деген ықыласын байқаған анасы оны тұрақты түрде Меңдіқара аудандық Шығармашылық үйіне, ұстазы Байдос Қожасағиевтің сабағына апарып тұрған. Ұстазының кәсіби шеберлігі, отбасының қолдауы және өзінің еңбекқорлығының арқасында ол аз уақыттың ішінде аудандық және облыстық байқаулардың жүлдегері атанды.
Домбырамен қатар Ксения бүгінде скрипкада ойнауды меңгеріп жүр. Ол үшін анасы оны Қостанай қаласына арнайы апарады. Сонымен бірге гитарада ойнап, ән айтуды да өздігінен үйренуде. Оның айтуынша, музыка адамды сабырлылыққа, тәртіпке тәрбиелейді әрі әр халықтың мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Ал домбыра қазақ халқының тарихы мен рухын сезінуге жол ашқан ерекше аспапқа айналған.
Ксения тек өнерде ғана емес, білім мен спортта да үздіктер қатарынан көрініп жүр. Ол барлық пәннен үздік оқиды, түрлі зияткерлік, шығармашылық және спорттық байқаулардың жеңімпазы. Осындай жан-жақтылығы оның еңбекқорлығы мен мақсаткерлігінің айқын дәлелі.
– Домбыраның үні ерекше әсер береді. Әр күйдің өз тарихы бар. Қазақ халқының мәдениетін осы аспап арқылы тереңірек таныдым. Болашақта да домбыра тартуды жалғастырып, ұлттық өнерді дәріптеуге өз үлесімді қосқым келеді, – дейді Ксения.
Ксенияның ұстазы Байдос Қожасағиевтің айтуынша, ұлттық өнердің тілі ұлтқа бөлінбейді.

– Домбыраны үйренуге келген баланың ұлтына қарамаймыз. Ең бастысы – оның ынтасы мен ықыласы. Қазір өзге ұлттың балалары қазақтың күйлерін ерекше сүйіспеншілікпен орындайды. Бұл – ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетеді, – дейді ұстаз.
Бүгінде Меңдіқара ауданында Ұлттық домбыра күніне орай концерттер, күй сағаттары, ашық сабақтар, шеберлік дәрістері, ұлттық аспаптар көрмесі және шығармашылық кездесулер ұйымдастырылуда. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, қазақтың қасиетті қара домбырасына деген құрметті арттыру.
Домбыра – тек музыкалық аспап емес. Ол – халқымыздың тарихы, тағдыры мен рухын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген асыл мұра. Ал осы мұраны қазақ балаларымен қатар өзге этнос өкілдерінің де құрметтеп, үйренуі – Қазақстандағы бірлік пен достықтың, ұлттық мәдениеттің өміршеңдігінің жарқын көрінісі.
Айтолқын ӘБДІЛДА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31