Меңдіқарада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды
Меңдіқара ауданында ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасы институтын нығайтуға бағытталған дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңі өз мәресіне жетті.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылған тағылымды іс-шара биыл да жоғары деңгейде өтіп, өнегелі өмір салтын ұстанған, қоғамға үлгі боларлық алты отбасының басын қосты.
Отбасы құндылығын дәріптегендер
Бүгінде отбасы – қоғамның ғана емес, мемлекеттің де берік тірегі. Ұлттық тәрбие, адамгершілік, еңбекқорлық, сыйластық пен мейірім ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» байқауы – тек үздіктерді анықтайтын сайыс емес, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын маңызды жоба.
Байқауға қатысқан отбасылар бұл сынға үлкен жауапкершілікпен дайындалғаны бірден байқалды. Әрбір шаңырақ өздерінің өмір жолын, отбасы тарихын, салт-дәстүрге деген құрметін, бала тәрбиесіндегі ұстанымдарын шығармашылық тұрғыда таныстырып, арнайы әзірленген визиткалық карточкаларын комиссия құрамының назарына жолдаған. Сонымен қатар, отбасы мүшелерінің қоғамдық белсенділігі, еңбек жолы, жетістіктері, алған марапаттары мен ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестері жан-жақты сараланды.
Арнайы құрылған комиссия құрамы қатысушылардың ұйымшылдығына, ұлттық салт-дәстүрді сақтауына, көпшілік алдындағы мәдениетіне, шығармашылық қабілетіне және отбасындағы өзара сыйластыққа ерекше мән берді. Әр отбасының өзіндік тағдыры мен өмірлік ұстанымы, еңбегі мен жетістігі көпшілікке үлкен әсер қалдырды. Ал байқаудың қорытыныдысы салтанатты жайда өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Осы рәсімде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алғиса Сарбасов отбасы – қоғамның басты тірегі, мемлекет тұрақтылығының негізі екенін атап өтті. Ол бүгінде ұлттық құндылықтарды сақтап, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін үлгілі отбасылардың қоғам үшін маңызы зор екенін айтып, байқауға қатысқан барлық отбасыларға ризашылығын білдірді.
– Отбасы – адам өміріндегі ең алғашқы тәрбие мектебі. Балаға берілетін тәлім-тәрбие, адамгершілік қасиет, туған жерге деген сүйіспеншілік пен еңбекқорлық ең алдымен шаңырақта қалыптасады. Сондықтан «Мерейлі отбасы» сынды байқаулардың маңызы ерекше. Мұндай жобалар жастарға өнеге көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрді, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға үлкен ықпал етеді. Бүгінгі жеңімпаз атанған және байқауға қатысқан барлық отбасылар ауданымыздың мақтанышы. Баршаңызға шаңырақтарыңызға құт-береке, ынтымақ пен амандық тілеймін, – деді Алғиса Қазманұлы.

Үздіктер анықталды
Байқау қорытындысы бойынша комиссия мүшелерінің шешімімен үш отбасы жүлделі орындарға ие болды. Ал бірінші орынды Минасовтар отбасы жеңіп алды. Бұл отбасы өзінің ұйымшылдығымен, еңбекқорлығымен және бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіндігімен ерекшеленді. Отағасы Қуаныш Минасов – аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері. Ол ел тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Отанасы Балдырған Минасова жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз. Ол жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнап жүрген білікті педагог. Бүгінде Минасовтар – көпбалалы, берекелі әулет. Отбасының ең кенжесіне небәрі үш ай ғана болғанына қарамастан, олар байқауға толық құрамда қатысып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Комиссия мүшелері отбасының жетістіктеріне, қоғамдық белсенділігіне, балаларының түрлі деңгейдегі марапаттарына жоғары баға берді. Бірінші орын иегерлеріне 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен арнайы мүсінше тарту етілді.
Байқаудың екінші орнын Жәукіндер отбасы жеңіп алды. Бұл шаңырақ аудандағы белсенді әрі көпбалалы, ұйымшыл отбасылардың бірі. Байқау барысында олар ұлттық дәстүрге деген құрметін, бір-біріне деген сыйластығын және шығармашылық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті. Комиссия құрамының ерекше назарын аударған тағы бір жайт – Минасовтар мен Жәукіндер отбасында үш буынның бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқаны болды. Әжелерінің тәлімі, үлкендердің ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі ұрпақ тәрбиесінде маңызды орын алатыны ерекше аталып өтті. Екінші орын иегерлеріне 40 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табысталды.
Жүлделі үшінші орын Қожасағиевтер отбасына бұйырды. Отағасы Байдос Қожасағиев мәдениет саласында еңбек етіп жүрген белсенді азамат. Байқау барысында бұл отбасы шығармашылық қырын, өнерге жақындығын және ұйымшылдығын айқын көрсете білді. Отбасы мүшелерінің өзара түсіністігі, балалар тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі қазылар тарапынан жоғары бағаланды. Үшінші орын иегерлеріне 30 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат тарту етілді.
Өзгелер де алғысқа ие болды
Байқауға қатысқан қалған үш отбасы да өздерінің белсенділігімен, өнегелі өмір салтымен ерекшеленді. Ұйымдастырушылар олардың еңбегін жоғары бағалап, арнайы Алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар әр отбасыға 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Суреттерді ұйымдастырушылар ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31