Қамысты ауданы: Бақшаны баққа айналдырған

 Арқа ауылының тұрғыны ауласын ертегі әлеміне қалай айналдырды?

Арқа ауылының тұрғыны Елена Николаева аудандық «Үздік аула» байқауының жеңімпазы атанып, жергілікті тұрғындардың таңданысына ие болды. Мұндағы әрбір бұрыш нағыз ботаникалық бақ пен демалыс аймағын еске түсіреді.

Елена бұл ауылға 2000 жылы Қарабатыр ауылынан көшіп келген. Өмір бойы еңбек етіп, соңғы жиырма екі жыл бойы ауылдағы ауыл шаруашылығы кешенінде бұзау бағып, маңдай терін төккен. Қазіргі таңда зейнет жасында болса да, қарап отырмай, жергілікті дүкенде көмекші болып еңбек етіп жүр. Дегенмен оның нағыз жаны қалайтын хоббиі – гүл өсіріп, ауланы абаттандыру.

«Гүлді өмір бойы өсіріп келемін. Тұрған жерінің таза, жинақы болғаны әркімге жақсы ғой. Бұрын тек гүлге мән берсем, қазір ауламды толықтай көгалдандырып, абаттандырумен айналысамын. Күні бойы үйде отырғаннан гөрі еңбек еткенді ұнатамын», – дейді Елена Николаева.

Қазір Еленаның үйінің алды кәдімгі демалыс орнына айналған. Оның ауласында раушан гүлінің бірнеше түрлерімен қатар, көздің жауын алатын қамысгүл, түрі мен түсі сан алуан нарғызгүл мен циниягүлі жайқалып өсіп тұр. Сондай-ақ аула көркін аша түсетін ерекше өсімдіктердің қатарында нәзік есінекгүлдері, алуан түске боялған ампельді калибрахоа, күздің сәнін келтіретін астралар, жапырақтарының әсемдігімен ерекшеленетін колеус те бар.

Аула ішіндегі әсемдікті көздің жауын алатын шоқпар бас гортензиялар, хош иісі аңқыған меруертгүл, қалампыршалар) мен сан түрлі шырайгүлдер толықтыра түседі. Кешкі уақытта жұпар шашатын түн гүлі, әсем қалампыр мен ауланың қоршауы мен сәнді құдық маңын өрмелеп өсетін клематис гүлдері бұл мекенді нағыз ботаникалық жәннатқа айналдырған.

Мұнда келушілер мен көршілерді таңғалдыратын шағын субұрқақ мен жасанды су қоймасы тіпті ерекше. Одан қалды шағын бассейн тағы бар. Жан-жағын декоративті мүсіндермен көмкерген. Бірқазан сияқты құстардың әдемі мүсіндері мен түрлі ертегі кейіпкерлері орналасқан. Адам өзін жайлы сезінуі үшін әткеншек және арнайы жасалған сәнді құдық қойылған.

Табиғатынан еңбекқор кейіпкеріміз күнін тым ерте бастайды. Таңғы сағат бесте оянатын ол жұмысқа бағыт алмас бұрын немесе бос уақытында бар жан-тәнімен сүйетін ісімен, гүлдерді баптаумен айналысады.

– Жиырма жылдан бері гүл өсіріп келемін. Бұрын тек егіп, өсірген болса, кейін зейнетке шыққаннан кейін оның айналасын абаттандырумен айналысып келемін. Гүл de адам таңдайды. Оларға ерекше махаббат керек, – дейді гүл бапкері.

Былтыр аудан көлемінде өткен байқауда топ жарған оның ауласын көру үшін көршілер мен ауыл тұрғындары жиі келеді. «Бұл жай ғана үйдің алды емес, нағыз бақ сияқты» деп тамсанған жұрт Еленаның еңбекқорлығы мен талғамына тәнті.

Ауласын гүлзарға айналдырып қана қоймай, ауылдың көркін арттырып отырған жанның бұл бастамасы – үлгі аларлық іс.

Елена үшін ерекше сырласына айналған гүлдер оның ішкі сезімін ұғатындай әсер қалдырады. Сондықтан да жаны нәзік әйел затының жан серігі гүлдерді таңғажайып құдіретке ие деп айтамыз. Асылында, гүл өсіру – әркімнің жан қалауына айналса, айналамыз құлпырып, гүлденетіні сөзсіз.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3