«Орталық – Батыс» жолының құрылысы қашан қайта жанданады?
Қостанай облысында тұрғындар «Орталық – Батыс» автожолының Торғай – Ырғыз учаскесінің құрылысына қатысты сұрақ қойды. Жауапты мамандардың айтуынша, биыл жол салуға қажетті дайындық жұмыстары жүргізіліп, негізгі құрылыс келесі жылы басталады.
Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов өңір тұрғындарымен кездесті. Жиында автомобиль жолдарын жөндеу, теміржол вокзалдарын жаңғырту, жолаушылар вагондарының паркін жаңарту, әуе қатынасын кеңейту және шекарадағы өткізу пункттерін дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесуде тұрғындар «Орталық – Батыс» автожолының Торғай – Ырғыз бағытындағы құрылысына ерекше назар аударды.
Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін елге барған кезде осы учаскеде құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғанын байқаған. Олар жол құрылысының не себепті баяулағанын, биыл жұмыстардың қайта жандана ма және «Орталық – Батыс» дәлізі қашан толық пайдалануға берілетінін сұрады.
Сұраққа Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Баяхмет жауап берді.
Оның сөзінше, қазір жобаның алғашқы кезеңі аясында геологиялық зерттеу және мобилизациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Жердің астыңғы қабаты, топырақтың тығыздығы зерттелуде. Мобилизация жұмыстары шеңберінде карьерлер ашылып, қажетті материалдар жеткізілуде. Техника тартылып, өндірістік базалар орналастырылуда», – деді Мақсат Баяхмет.
Комитет өкілінің айтуынша, жол құрылысының негізгі ауқымды жұмыстары келесі жылға жоспарланған.
Яғни биыл мамандар геологиялық зерттеу мен дайындық жұмыстарын жалғастырып, жол құрылысына қажетті инфрақұрылымды қалыптастырады. Ал негізгі құрылыс жұмыстары келесі жылы қарқын алмақ.
«Орталық – Батыс» автожолы – солтүстік және батыс өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға бағытталған стратегиялық жобалардың бірі. Жолдың Торғай – Ырғыз бағыты Қостанай облысы үшін де маңызды көлік дәлізі саналады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Сурет аудан әкімдігінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31