Қарасулық ұстаз Мейрамгүл Исакова: «Баланың ерекшелігіне үрке қараудың қажеті жоқ»

Қарасу аудандық білім бөлімінің мәліметінше, жаңа оқу жылында медициналық көрсеткіштерге байланысты 14 бала үйінде оқиды

Пән мұғалімдері оларға тұрақты барып, сабағын оқытады. Одан бөлек, бұл балалар медициналық және психологиялық кеңестермен, сондай-ақ оқуға байланысты шығындарды өтеу мақсатында әлеуметтік қорғау қызметтері арқылы 8 АЕК мөлшеріндегі қаржылай көмекпен қамтамасыз етіледі. Орайы келген сәтте біз инклюзивті білім беру бағыты туралы ізденген едік.

Тақырып төңірегінде Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Исаковамен сұхбаттастық.

Себебі кейіпкеріміз ұстаздық қызметінде соңғы бес жылдан бері ерекше қажеттілігі бар балалармен тікелей жұмыс істеп келеді. Саланың қыр-сырын жетік меңгерген жан.

– Құрметті Мейрамгүл Серікқызы, сізді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Білім беру жүйесінде 35 жылдан бері еңбек етіп келесіз. Ұстаздық қызметіңізді алғаш бастаған күн есіңізде ме?

– Рахмет, Білім күні құтты болсын! Оқушылардың зейіні ашылып, ұстаздарының, ата-анасының үмітін ақтасын.

Биыл 35-ші рет мектептегі қызметімді жалғастырудамын. Алғашқы еңбек жолымды 1991 жылы Қарасу орта мектебінен бастадым. Еңбек кітапшамда бір ғана жазба. 1991 жылы жұмысқа қабылдандым, содан бері бір орында тұрақты тер төгіп келемін. Ешқашан қызмет ауыстыру туралы ойланбаппын. Мамандық таңдауда қателеспегеніме көзім жетті. Мен балаларды жақсы көремін. Онсыз жақсы мұғалім болу мүмкін емес. Педагогикалық саланы таңдауға ниеттенген түлектеріме де осы ойды әркез айтып отырамын. Себебі бала жүрегіне жол таба білген адам ғана нағыз ұстаз атанбақ.

– Соңғы уақыттары ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істеп келесіз. Бұл туралы толығырақ баяндасаңыз деген бұйымтайымыз бар. Өйткені инклюзияға бағытталған білімнің өзіндік ерекшелігі немесе қиындығы болуы тиіс. 

– Ерекше білімді қажет ететін балалармен 2021 жылдан бері жұмыс істей бастадым. Қазір барлық мектепте инклюзивті білім беру бағдарламасы бар. Көп көңіл бөлінуде. Ерекше балаларды назардан тыс қалдырмай, жетік білім алуына жағдай жасау қажет деп есептеймін. Себебі кез-келген бала білім алуға құқылы. Денсаулығына қарамастан, тең білім мен орта жағдайын қалыптастыру маңызды. Ерекше баланың қоғамға бейімделуіне көмектесуіміз керек. Олар адамдармен араласуды, қарым-қатынас жасауды, оқуды үйренуі тиіс.

Біз арнайы әзірленген стандарт бойынша ерекше балалардың кедергісіз білім алуына жәрдемдесеміз. Соның ішінде Даун синдромы бар, нашар көретін және басқа да даму ерекшеліктері бар ұл-қыздарды оқытамыз. Мұндай диагноздарды Арқалықтан келетін ПМПК – психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация комиссиясы қойып, қорытынды береді. Әрі қарай біз әр баланың ерекшелігіне сай жұмыс істейміз. Кейбір балалардың үйіне барып, оқытамын. Көру қабілеті төмен балалар үшін сабақты аудиодыбыс арқылы өткіземін. Ондай балаларға білім бөлімі аудиокітаптар мен ноутбук сыйлаған. Бала осы аталған оқу құралдары арқылы шығармаларды тыңдап, маған түсінігін айтып береді. Осылайша сабақты жалғастырамыз.

– Әр баланың бабын табу оңай емес екенін жақсы түсінеміз. Сіз қандай тәсілді құп көресіз?

– Әрине, әр балаға бөлек тәсіл қарастырған жөн. Алдымен баланы тыңдаймын. Келесі сабақта аздап тапсырмалар беруге тырысамын. Одан кейін үй жұмысын тексеремін. Осылайша балаға әр сабаққа кеткен уақыттың маңызын түсіндіруге тырысамын. Жәй ғана уақыт өткізу емес, білім алуға талпыныс екенін ұқтырғым келеді. Айтуға оңай, іс жүзінде қиын және қажетті жұмыс.

Кейбір балалар суретпен берілген тапсырмаларды жылдам меңгеріп алады. Оқуға деген ынтасы болмай тұратын сәттер бар. Ондай кезде сабақты баланың сұранысына, көңіл күйіне сәйкес бағыттаймын. Бірге ойнаймыз, сурет саламыз, баланың оқуға ұмтылысын ояту үшін әртүрлі қолдау, марапаттау шараларын ұйымдастырамын. Көбінесе шабыттандыру, қанаттандыру тәсілі жақсы көмектеседі. Алайда, әр балаға жеке тәсіл таңдау маңызды.

Қуанышқа орай, ерекше балалардың білім алуға деген ұмтылысы өте жоғары. Олар жаңа ілім үйренуге құлшына кіріседі. Өте мейірімді, ашық-жарқын келеді. Бізден жақсы қарым-қатынас күтеді. Көбірек әңгімелескенді ұнатады. Ұзақ уақыт көріспей қалсақ сағынышпен қарсы алады.

Сабақ кестесінде айтарлықтай ерекшелік жоқ. Қарапайым 45 минуттық сабақ секілді өтеді. Екі сабақ орыс тілі, бір сабақ әдебиет.

– Ерекше балалармен тіл табысуға жүрексінетін ересектерге не айтасыз?

– Меніңше, ерекше балалармен қалай жұмыс істеу қажеттігін ересектер жақсы түсінеді. Үлкендер тарапынан түсінбеушілік туындағанын естімедім. Бәрі ерекше балаларға қалыпты көзқараста деп ойлаймын. Мысалға біз мұндай балаларға білім берудің жолдарын үйрететін курстарды оқыдық. Менің Карина есімді шәкіртім бар. Ол қарапайым сыныпта оқыды. Балалар Каринаға тамаша қарайтын. Ешқашан шеттеткен емес. Бәрі бірге дос болып, жылы қарым-қатынас орната білді. Бәрі бала, сондықтан ерекшелігіне үрке қараудың қажеті жоқ.

Ал ата-аналары баланы жан-жақты дамытуға көңіл бөлгені жөн. Мұғалімдер үйлеріне барып, уақытымен сабағын оқытамыз. Мәселе мұнымен тоқтап қалмауы тиіс. Қосымша мамандар қарастырып, баланың бойындағы жасырын жатқан қабілетін ашуға тырысқан дұрыс. Мүмкін ол бала қол еңбегіне бейім болуы мүмкін. Өйткені болашақ – баланікі. Баланың келешегін ойласақ ұстаз еңбегімен қатар ата-ана да үлес қосқаны абзал. Ертең бала еңбек етіп, өмір сүре білуге дағдылануы тиіс. Біз, ұстаздар мектеп деңгейінде білім береміз. Ал қосымша ілім игеруге көмектесу үшін арнайы мамандардың болғаны құптарлық.

– Әңгімеңізге рахмет! Еңбекте табысты болыңыз!

Сұхбаттасқан Қымбат ДОСЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2