Торғайдағы Көлқамыстың шебері

Жеті баланың әкесі техникадан түрлі көлік құрастырады.

Қалаға кетіп, жайлы өмір іздейтін жастар аз емес. Алайда облыс орталығына ұмтылмай, туған ауылында еңбек етіп, кәсібін тапқандар да бар. Солардың бірі – Көлқамыс ауылында тұратын 37 жастағы Серікбол Төлеміс. Жеті баланың әкесі шаруашылықта механизатор болып еңбек етеді. Бос уақытында темірден түрлі құрылғы құрастырып, ауылдағы техникалық мәселелерді шешуге көмектеседі.

Серікболдың негізгі мамандығы – механизатор. Дегенмен оның қолынан трактор мен жүк көлігін жүргізу, мотор жөндеу, дәнекерлеу секілді бірнеше жұмыстың келетіні ауылдағыларға жақсы таныс. Қазір ол малшыларға арналған вагончик жасап жатыр.

«Бұрын бізде “ГАЗ-66” көлігі болатын. Соның артқы бөлігін өзгертіп, ас үйі мен демалатын орны бар шағын үй жасап алған едік. Кейін сұраған азаматтарға сатылып кетті. Қазір тіркемеден малшыларға арналған жаңа вагончик жасап жатырмын. Кіреберісінде пеші, одан кейін ас үйі мен демалатын бөлмесі болады», – дейді Серікбол.

Ол техникаға қатысты білімді арнайы оқу орнынан емес, ауылдағы аға буыннан үйренген. Көлқамыс ауылындағы мектептің 9-сыныбын тәмамдап, кейін Көкалат ауылында оқуын жалғастырған. Арқалық қаласындағы жоғары оқу орнында экономика және құқық мамандығын сырттай оқығанымен, дипломы бойынша жұмыс істемеген.

Техникаға бала кезінен қызыққан Серікбол тракторшылардың қасына еріп жүріп, кәсіптің қыр-сырын меңгерген.

«Техника әлеміне бірден келіп кіріп кеткен жоқпын. Тракторшылардың қасына еріп жүріп, техниканың қыр-сырына қызықтым. Алдымен трактор тізгінін игердім, кейін жүк көліктеріне ауыстым», – дейді ол.

Серікбол 2008 жылдан бері бір шаруашылықта еңбек етіп келеді. Дәнекерлеуді, мотор жинауды, техниканы жөндеу мен сырлауды Манат Кәкімжанұлынан үйренген.

«Әулетімізде техникаға жақын ешкім жоқ. Бәрін өздігінен үйреніп шықтым. Дәнекерлеу жұмыстарын Манат ағаның қасында жүріп меңгердім. Ол кісі маған техниканың тілін де, дәнекерлеудің қыр-сырын да үйретті. Өз тарапымнан да ынта болды. Көрсеткен істі бірден қағып алып, әрі қарай жалғастырып кеттім. Бұл – Алланың берген дарыны шығар», – дейді кейіпкер.

Оның айтуынша, ауылда әмбебап маман болудың маңызы зор. Қаладағыдай әрбір жөндеу жұмысына арнайы шебер іздеп, қосалқы бөлшек күтудің қажеті жоқ. Қажет дүниені қолдан жасап, техниканы өз күшімен жөндеуге болады.

Серікбол жас кезінде қалаға барып, жұмыс істеп көрген. Алайда тұрақсыз тірлік пен баспана ауыстырып жүру оны туған жеріне қайта алып келген.

«Қазір қалаға кетпеймін, ауыл тірлігі өзіме ұнайды. Жастау кезімізде қалаға ұмтылатынымыз рас. Қазір жасымыз 37-ге келді, ақыл тоқтаттық. Елден кету деген ой миымызға да кірмейді. Туған ауылымның әрбір тасы мен баурайы ыстық», – дейді ауыл тұрғыны.

Серікболдың сөзінше, Көлқамыста бүгінде интернет, ауызсу бар, қыс кезінде жолдар уақытылы тазаланады. Балалары заманауи жаңа мектепте білім алып жүр.

«Ауыл түбегейлі өзгерді, барлық жағдай жасалған. Интернет бар, ауыз су үйге келіп тұр. Мектебіміз – жап-жаңа, заманауи үлгіде жабдықталған. Кейбір үлкен аудандар мен қалаларда жоқ жағдай бізде бар. Ауылдың қаладан ешбір кемшілігі жоқ», – дейді ол.

Серікбол 2013 жылы шаңырақ көтерген. Жұбайы да Көлқамыс ауылының тумасы. Қазір олар екі ұл мен бес қыз тәрбиелеп отыр. Көпбалалы отбасының тұрмысында шаруашылықтың қолдауы да маңызды. Серікболдың айтуынша, жұмыс беруші қызметкерлерді отын және мал азығымен қамтамасыз етеді.

«Өз малымыздың есебін ғана біліп отырмыз демесек, қыстың отыны мен малдың азығын дайындау деген мәселелерге бас қатырмаймыз. Шаруашылық бәрін жыл сайын өз мойнына алып, толық қамтамасыз етіп береді», – дейді ол.

Серікболдың балалық шағы да осы ауылда өткен. Ол атасы мен әжесінің тәрбиесін көріп өскенін айтады. Үлкендердің еңбегін көріп, ерте жастан жұмысқа араласуы оның бүгінгі өмір салтына әсер еткен. Қазір оның күнделікті тіршілігі техника мен отбасының арасында өтеді. Күндіз далада трактор айдап, егіс басында жүрсе, кешке шеберханасына кіріп, темірден жаңа дүниелер құрастырады. Ал жұмысы біткен соң жеті баласының қасына асығады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды.


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 4