Меңдіқарада ескерткіш жаңартылып, жаңа спорт алаңы ашылды

Қаратал ауылында ел тарихына тағзым етіп, өскелең ұрпаққа жағдай жасауға бағытталған қос нысан ел игілігіне берілді.

Ауыл ортасындағы соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш жаңартылып, балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді.

Ауыл ортасындағы соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштің тозығы жетіп, жаңартуды қажет еткен еді. Осыны ескерген ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікбай Мырзағалиев бастама көтеріп, оны ауыл азаматтары қолдады. Елден қаражат жиналып, ескерткіштің сырты жаңартылып, кірпішпен қапталды. Майданда қаза болған жауынгерлердің есімдері жазылған тақталар да жаңғыртылды. Сонымен қатар соғысқа қатысып, елге аман оралған ардагерлердің есімдері арнайы тақталарға енгізілді.

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне ауыл тұрғындары мен ел азаматтары қатысып, майдангерлердің рухына тағзым етті. Құран бағышталып, ас берілді. Қараталдағы игі іс мұнымен шектелген жоқ. Ауылда жастардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін жаңа футбол алаңы да ашылды. Нысанды ауыл азаматы, жеке шаруашылық қожалығының басшысы Қуаныш Оралханұлы өз қаражатына салып, ауыл балаларына тарту етті.

Жаңа спорт алаңы балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, футболмен айналысып, денсаулығын шыңдауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар спорт жастарды ұйымшылдыққа, тәртіпке және жауапкершілікке тәрбиелейтіні сөзсіз. Қаратал ауылы әкімінің міндетін атқарушы Мадина Байманова қос нысанның ауыл өміріндегі маңызын атап өтті.

–Ескерткіш көптен бері ескіріп, жөндеуді қажет етіп тұрған еді. Енді жаңарып, ардагерлердің есімдері жазылып, қайта ашылды. Онымен қоса жастар мен кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатта демалып, ойнап, денсаулықтарын шыңдайтын спорт алаңы ашылып отыр. Осындай істерге ұйытқы болып, қолдап жүретін ел ағаларына алғысымыз зор, – деді ол.

Ауыл азаматтарының ауызбіршілігі мен туған жерге деген жанашырлығы осындай игі істерден көрініс тауып отыр.

Айтолқын ӘБДІЛДА

Суреттерді Қаратал ауылдық әкімдігі ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3