Қайырымды кәсіпкер Қамысты жұртына мерекелік тарту жасады
Елдің ықыласына бөленген игі істер – қоғамдағы адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі.
Осындай ізгі қасиеттерді бойына сіңіріп, өзі қоныс аударған ортаның өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтардың ісі көпке үлгі. Соның бірі – Қамысты ауданына биыл көктемде Қызылорда облысынан қоныс аударған кәсіпкер Алтынбек Оңдасынұлы Алтыбаев.
Жаңа мекенге табан тірегеніне көп уақыт өтпесе де, Алтынбек Оңдасынұлы ауыл өміріне белсене араласып, жергілікті тұрғындардың алғысына бөленіп үлгерді. Ол өз қаражаты есебінен ауылда заманауи демалыс орнын ашып, тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі жайлы өткізуіне мүмкіндік жасады. Бұл бастама ауылдың көркеюіне ғана емес, тұрғындардың ортақ игілігіне бағытталған маңызды қадам болды.
Кәсіпкердің қайырымды істері мұнымен шектелмейді. Еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі – Республика күні қарсаңында ол Қамысты тұрғындарына тағы бір жағымды тосынсый жасады.

Атап айтқанда, Алтынбек Оңдасынұлы өзінің туған өлкесі, қасиетті Қазалыдан арнайы алдырған тәтті сыйлықтарын ауыл тұрғындарына тарту етті. Түрлі тәттілер салынған конфет қораптары мерекелік көңіл күй сыйлап, ауылдастардың жүздеріне күлкі ұялатты.
Бұл бастаманың астарында жай ғана сыйлық үлестіру емес, туған жерге деген сағыныш, жаңа қонысқа деген құрмет және елмен етене араласуға деген шынайы ниет жатыр. Бір өңірден екінші өңірге қоныс аударған азаматтың өзі өскен өлкенің дәмін жаңа мекеніндегі ағайынмен бөлісуі де – өзіндік мәні бар тағылымды іс.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, елдің алғысын арқалаған осындай азаматтардың еңбегін атап өту – баршамызға ортақ міндет. Өйткені ауылдың ажары мен елдің берекесі тек инфрақұрылыммен ғана емес, осындай жомарт жүректі, елге жанашыр азаматтардың игі бастамаларымен де арта түседі.
Қамысты жұрты Алтынбек Алтыбаевқа жасаған жақсылығы, көрсеткен қамқорлығы мен жомарттығы үшін шынайы ризашылығын білдіреді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31