Торғайда «Әкім кубогы – 2026» жайдарман ойыны өтті
Жеңімпаздарға 100 мың теңге табысталды.
Торғай төрінде Жангелдин ауданы әкімінің кубогіне арналған «Әкім кубогы -2026» жайдарман ойыны өтті. Сайыста бірнеше өңірден келген командалар «Заң мен Тәртіп» тақырыбында әзілдесіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Байқау қорытындысында Әулиекөлден келген «Бір үйдің балалары» командасы бас жүлдені иеленіп, 100 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.
Әзіл мен тапқырлық сынға түскен өнер додасына Жангелдин, Әулиекөл аудандары мен Арқалық қаласынан келген жайдарман командалары қатысты. Қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл арқылы жеткізіп, сахнадағы шеберлігі мен тың идеяларын ортаға салды.

Мәдени шараға Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Гүлмира Ұзаққызы қатысып, командаларды құттықтады. Ол жастардың шығармашылығына қолдау білдіріп, олардың өнер мен мәдениет саласындағы белсенділігін атап өтті.
Ойын нәтижесінде Әулиекөлдің «Бір үйдің балалары» командасы 100 мың теңге жүлдемен I орынға ие болды. Ал Жангелдин ауданының «Түйме» және Торғайдың «Шоқан шоу» командалары II орынды бөлісіп, әрқайсысы 50 мың теңгеден алды.
Арқалық қаласынан келген «20:26» және «Арман» командалары III орынға тұрақтап, 30 мың теңгеден қаржылай сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар «Үздік ойыншы» номинациясы Арқалықтан келген Рамазан Ербосынға бұйырды.
Жайдарманшы Азамат Жолдықан да ойынның жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
«Жайдарман – жай ғана әзіл емес, жастардың ойы мен өнерін, тапқырлығы мен талантын танытатын үлкен мектеп. Бүгін Торғай төрінде өткен ойын соның айқын дәлелі болды. Командалардың дайындығы, сахнадағы еркіндігі мен тың әзілдері ерекше әсер қалдырды. Осындай додалардың аудан көлемінде ұйымдастырылуы – жастар шығармашылығына көрсетілген үлкен қолдау. Торғай Жайдарманының болашағы жарқын екеніне сенімдімін!» – деді Азамат Жолдықан.

Айта кетейік, Жайдарман – жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, сахна мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беретін алаң. Мұндай сайыстар жас буынның қоғамдағы өзекті мәселелерге өзіндік көзқарасын әзіл арқылы жеткізуіне жол ашады.
Шұға АҢСАҒАНҚЫЗЫ,
Суреттерді жолдаған – Мейрамбек Айбекұлы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31