Қарасуда жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығы артқан

 Қарасу ауданында жастар мемлекеттік қызметке көптеп келе бастады.

Жергілікті билік жоғары оқу орнының үздік түлектеріне барынша қолдау білдіруде. Білім бері бағдарламасын GPA көрсеткіші бойынша жоғары нәтижемен аяқтаған жастарға конкурссыз негізде қызметке тұру мүмкіндігін ұсынуда. Мұндай қолдау ел үкіметінің кадр әлеуетін арттыруға жасаған қамқорлығы деп білеміз.

Алексей Бурмистров Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің түлегі, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жоғары оқу орнының білім бері бағдарламасын GPA көрсеткіші 3,65 үлгерімімен аяқтаған түлек конкурстық іріктеуден өтпей-ақ, мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік алады. Осылайша 2026 жылдың қазан айынан бастап Қарасу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінде бас маман қызметін атқаруға кірісті. Біздегі қалыптасқан пікір бойынша, спорт факультетінде білім алған жас дене шынықтыру пәнінің мұғалімі немесе спортшы атанады. Ал ол мемлекеттік қызметте бағын сынап көруге шешім қабылдады.

-Спортпен шұғылдануды бастағанымда сайыстарды ұйымдастыру жағына қызығатынмын. Кейін дене шынықтыру және спорт мамандығына оқуға түстім. Жоғары оқу орнында білім алған соң мән-жайға қанық болдық. Университетті аяқтаған соң мамандығым бойынша жұмыс іздеуге кірістім. Бір аптадан кейін жұмысқа орналастыру орталығынан (нақты атауы есімде жоқ) қоңырау соқты. Олар маған Қарасу ауданы әкімдігінің спорт бөлімінен қызмет ұсынды. Менің оқуды үздік бітіргенім туралы ақпарат бар екен. Сондықтан мені конкурстық іріктеусіз-ақ жұмысқа қабылдай алатындарын айтты. Мен ұсынысты қабылдап, бағымды сынап көруге келісім бердім,-дейді жас маман.

Негізі Алексей Әулиекөл ауданының тумасы. Алғашқы еңбек жолын Қарасу топырағында бастады. Бас маман мұндай мүмкіндікті жоғары құрметке балайды. Қазір студенттік жылдары алған білімін тәжірибеде қолдануға, мамандығын жетік меңгеруге және кәсіби тұрғыдан дамуға барынша көңіл бөлуде. Оның бойындағы қызығушылық, еңбекқорлық қасиеттер үлкен жетістікке жетелейді деген ойдамыз. Өйткені ол қазірдің өзінде жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып жүр. Әріптестерінің айтуынша, Алексей Бурмистров берілген тапсырмаға жоғары жауапкершілікпен қарайды. Әр істі тиянақты атқарып,  жаңа бағыттарды меңгеруге деген ынтасымен ерекшеленеді. Ол әріптестерімен, жаттықтырушылармен және спортшылармен жұмыс барысында іскерлік қарым-қатынас орнатып, кәсіби қызметтің міндеттерін сапалы орындауға басымдық береді.

Алексей Бурмистровтың мемлекеттік қызметтегі алғашқы қадамы сәтті басталған сыңайлы. Ол университетте үздік оқығанның арқасында бірден қызметке орналасты. Бас маманның ендігі мақсаты – жүктелген тапсырманы мүлтіксіз атқарып, Қарасу ауданының спорт саласын дамытуға үлес қосу.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды.


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3