Жангелдин ауданы: Қалам-Қарасуға су құбырын тарту құжаттарын әзірлеуге қаржы қажет

 
Жангелдин ауданында ауыз сумен қамту көрсеткіші 90 пайызға жеткен.

Дегенмен кейбір елді мекендерде тұрғындар суды әлі күнге дейін үйлеріне жеткізе алмай отыр. Бұл мәселе аудан әкімінің есептік кездесуінде көтерілді.
Бүгін аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев өңірлік коммуникациялар алаңында тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша есеп берді. Кездесу барысында «Біздің Торғай» тілшісі Қалам-Қарасу ауылындағы ауыз су мәселесін көтеріп, оның қашан шешілетінін сұрады.
Аудан әкімінің мәліметінше, қазір 12 елді мекендегі 9265 тұрғын орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл аудан халқының 90 пайызы. Тағы үш ауылдағы 679 тұрғын магистральдық су жүйесінен жеткізілетін суды тазарту арқылы қамтамасыз ететін су тарату пункттерін пайдаланады. Ал бес елді мекендегі 517 тұрғын су тарату қондырғылары арқылы ауыз су алады. Бұл ауылдарға су Торғайдан тасымалданады, сондай-ақ ұңғымалар мен шахталық құдықтар пайдаланылады.
Сонымен қатар 2026 жылы Сарысу ауылы тұрғындарының бастамасымен үйлерге су тарату желісі тартылған.
Алайда Қалам-Қарасу ауылында мәселе толық шешілмеді. 2021 жылдың соңында елді мекенге арнайы су тұщыту қондырғысы орнатылған. Қазір ауылға су жеткізілгенімен, оны әр үйге тарату желісінің құрылысы тоқтап қалған.
Аудан әкімі Дінмұханбет Бидашевтің айтуынша, Қалам-Қарасуда 40 шақты үй, 200-ге жуық тұрғын бар. Елді мекендегі халық санына байланысты қаржыландыру мәселесінде шектеулер туындаған.
«Бірінші кезекте елді мекен халқының саны 500-ден асуы керек. Қалам-Қарасуда 40 шақты үй, 200-ге жуық тұрғын ғана бар. Сарысу ауылы сияқты сырттан тартылған қаражат арқылы бұл мәселені шешуге болады. Бюджеттен қаражат күтетін болсақ, уақыт алады. Сондықтан осы тәсілмен су тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе алдағы жылдың жоспарына енгізілген», – деді аудан әкімі.
Осылайша, Қалам-Қарасу тұрғындарына ауыз суды үйге дейін жеткізу мәселесін шешу үшін қосымша қаражат тарту жоспарланып отыр. Аудан әкімінің сөзінше, бұл жұмыс алдағы жылдың жоспарына енгізілген.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Сурет өңірлік коммуникациялар орталығынан алынды

Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1