Торғай төріндегі Нұрхан ақынның қара шаңырағы
Халық ақынының өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерлер.
Торғайда уақыт табы басқанымен, тарихы ұмытылмаған бір шаңырақ бар. Бұл – Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің музей-үйі. Бір кездері ақынның өзі ғұмыр кешкен үй бүгінде оның шығармашылық мұрасы мен өмір жолынан сыр шертетін рухани орынға айналған. Мұнда ақынның тұтынған бұйымдары, қолжазбалары, кітаптары мен естелік суреттері сақтаулы.
Нұрхан Ахметбековтің музей-үйі 1983 жылы ақынның 80 жылдық мерейтойына орай ашылған. Орталық партия комитетінің шешімімен ұрпақтары екі басты үйдің бір бөлігін музейге айналдырып, ақынның тұтынған заттары мен шығармашылық мұрасын жинақтаған.
– 1983 жылдың қазан айында атамыздың 80 жылдығы бүкіл Қазақстан көлемінде аталып өтті. Сол жылы орталық партия комитетінің шешімімен бұл үй жеке музей ретінде ашылды. Содан бері жұмыс істеп келеді. Музейдің жөндеу жұмыстарын өзіміз, немерелері мен ұрпақтары қолдан келгенше атқарып жүрміз. Басты мақсатымыз – атамыздың мұрасын сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу, – дейді ақынның немересі Сейітбаттал Нұрханов.
Музей бөлмелерін аралаған адам ақынның күнделікті тіршілігі мен шығармашылық әлемінен сыр аңғарады. Мұнда жұмыс үстелі, шапандары, ат әбзелдері мен тұрмыстық бұйымдары қойылған. Келесі бөлмеде кітаптары мен әр жылдары алған алғыс хаттары жинақталған. Әр заттың өзіндік тарихы бар. Бірі ақынның еңбек үстіндегі сәттерін елестетсе, енді бірі қарапайым тұрмысынан хабар береді.
Ақынның көзі тірісінде пайдаланған бұйымдарын алдымен жұбайы мен баласы, кейін келіні Тұрағұл Рақымқызы көзінің қарашығындай сақтаған. Музей ашылғанда осы үйге көшіріліп, көпшілік назарына ұсынылған.
– Мұнда атамыздың көзі тірісінде өзі пайдаланған заттарының бәрі дерлік сақталған. Анау отырған жұмыс үстелі, шапандары, ат әбзелдері – барлығы өздері қолданған бұйымдар. Ал келесі бөлмеде кітаптары, алған алғыс хаттары бар. Бұлардың барлығын атамыздың жұбайы, баласы және келіні сақтап келген. Содан бері осы мұраны қастерлеп келеміз. Музейдің ең құнды қазыналарының бірі – түпнұсқа қолжазбалар. Оқырманға баспадан шыққан кітап арқылы жеткен шығармалардың арғы жағында қағазға түскен алғашқы ой, атамыздың өз қолымен жазылған сөзі жатыр, – дейді Сейітбаттал Мәлікзадаұлы.
Нұрхан Ахметбековтің бірқатар қолжазбасы түпнұсқа күйінде сақталған. Олардың кейбірі кезінде кеңінен қолданылған төте жазумен жазылған. Бұл жазбалар ақынның шығармашылық мұрасын зерттеу үшін ғана емес, сол кезеңдегі жазу мәдениеті мен әдеби үдерісті тану үшін де маңызды.
Ақын шығармаларында ел тарихы, халық тағдыры, азаттық пен ерлік тақырыптары кеңінен көрініс тапқан. «Амангелді», «Жасауыл қырғыны», «Қарға» дастандары мен өзге де өлеңдері оның жыршылық дәстүрдегі орнын айқындайды. Музейдегі кітаптар мен басылымдар ақынның шығармашылық жолын тұтас тануға мүмкіндік береді.
Нұрхан Ахметбеков 1964 жылдың 29 қазанында дүниеден өткен. Ал немересі Сейітбаттал сол жылдың 2 қарашасында өмірге келгендіктен, атасын көріп үлгермеген. Дегенмен ақын туралы көп деректі әкесі мен анасының әңгімелерінен естіп өскен. Оның айтуынша, кезінде бұл шаңырақ әдебиет өкілдері жиі бас қосатын, әңгіме-дүкен құратын орын болған.
– Атам қайтқан кезде дүниеге келдім. Сондықтан өзімнің есімде сақталған оқиғалар жоқ. Бірақ анамыздың әңгімелерінен атамыздың үйіне ақын-жазушылардың жиі келіп тұрғанын білеміз. Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Қайнекей Жармағамбетов секілді тұлғалар Торғайға келген сайын осы шаңыраққа соқпай кетпейтін көрінеді. Атамыз дүниеден өткеннен кейін де үйге талай ақын-жазушы келіп жүрді, – дейді Халық ақынының немересі.

Сейітбаттал ағаның жадында ерекше сақталған естеліктің бірі – белгілі ақын Сырбай Мәуленов пен Нұрхан Ахметбеков арасындағы өлең қағыстыру.
Айтуынша, бірде Торғайға келген Сырбай ақын Нұрханның үйіне арнайы соғады. Алайда үй иесі болмай шығып, ол бір парақ қағазға төрт жол өлең жазып қалдырады:
Болғанда Қостанай тау, Торғай төбе,
Болғанда сіздер қайық, біздер кеме.
Үйіңде шайып ішер шалабың жоқ,
Көже іздеп көршілерден жүрген неме.
Кейін үйіне оралған Нұрхан ақын Сырбайдың келгенін естіп, оны іздеп тауып, суырып салып жауап қайтарған екен:
Жігіт болсаң мінбейсің атқа неге,
Ақын болсаң айтпайсың жатқа неге.
Торғайға тойынғалы келіп жүрсің,
Қалада көк су ішкен қатпа неме.
Осылайша, екі ақынның арасындағы әзіл мен сыйластыққа құрылған өлең қағыстыру кейінгі ұрпаққа естелік болып жеткен. Мұндай оқиғалар сол кезеңдегі әдеби ортаның өзіндік болмысын, ақындар арасындағы рухани жақындықты аңғартады.
Бүгінде Нұрхан Ахметбековтің музей-үйі – бір отбасының ғана емес, Торғайдың әдеби-мәдени тарихының да бір бөлшегі. Мұнда сақталған әрбір бұйым, сарғайған қолжазба мен ескі фотосурет өткен дәуірден сыр шертеді. Ең бастысы, ақын мұрасы ұрпақтарының жанашырлығы арқасында бүгінге жетіп отыр.
Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады. Бірақ ел жадында қалған тұлғалардың ізі жоғалмайды. Нұрхан ақынның қара шаңырағы – соның айғағы. Ақынның өзі өмірден өтсе де, оның сөзі мен рухы туған топырағында сақталып, кейінгі буынға жол тартып келеді.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ,
Журналист.
Суреттерді түсірген автор.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
