Қамыстының екі ауылында 4G мобильді байланыс іске қосылды
Қамысты ауданында цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллект құралдарын меңгеріп, екі ауылда 4G мобильді байланысы іске қосылды. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 72 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Аудан әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, цифрландыру бағытындағы жұмыстар бірнеше саланы қамтиды. Олардың қатарында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бар.
Осы жылдың 6 тамызда Қамысты ауылында Qostanai Hub өңірлік IT-хабы өкілдерінің қатысуымен Digital Keruen іс-шарасы өтті.
Кездесу барысында қатысушылар заманауи IT-технологиялардың мүмкіндіктерімен, білім беру бағдарламаларымен, стартап жобаларымен және жасанды интеллект құралдарымен танысты. Әсіресе жасанды интеллектіні құжат әзірлеу, ақпараттық материалдар дайындау, жұмыс процестерін автоматтандыру және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында қолдану мәселелеріне назар аударылды.
Бұдан бөлек, ауданда мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері арасында цифрлық сауаттылықты арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жасанды интеллект құралдарын пайдалану дағдылары бойынша 84 мемлекеттік қызметші оқудан өткен. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, қызметкерлердің цифрлық технологияларды тиімді әрі қауіпсіз қолдану қабілетін жетілдіру жоспарланған.
Аудандағы цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты – телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту. Атап айтқанда, Дружба және Аралкөл ауылдарында 4G стандарты бойынша мобильді байланыс қамтуы қамтамасыз етілген. Бұл ауыл тұрғындарына жоғары жылдамдықтағы мобильді интернетті пайдалануға және заманауи цифрлық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауданда цифрлық бейнебақылау жүйесін енгізу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жоба аясында жедел басқару шағын орталығына қосылу мүмкіндігі бар 72 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл қоғамдық орындардағы жағдайды бақылауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру үшін заманауи жарықтандырылған жаяу жүргіншілер өткелі жабдықталған. Оның басты мақсаты – қараңғы уақытта жүргізушілердің жаяу жүргіншілерді дер кезінде байқауына жағдай жасау.
Жоба аясында интеллектуалды технологияларды қолдану арқылы көше жарықтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру, электр энергиясын үнемдеу және жол қозғалысына.
Қамысты ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар цифрлық технологияларды күнделікті өмірге енгізуге бағытталған. Жасанды интеллектіні меңгерген мамандар санының артуы, ауылдарға жоғары жылдамдықтағы интернеттің қолжетімді болуы және бейнебақылау жүйесінің дамуы ауданның цифрлық инфрақұрылымын жетілдіруге ықпал етеді.
Алдағы уақытта да цифрлық сауаттылықты арттыру, ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заманауи технологияларды түрлі салада қолдану бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Сурет аудан әкімдігінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31