№ 2 Денисов жалпы білім беретін мектебі жастарды шыншылдыққа тәрбиелеуде

 Адамды адалдыққа тәрбиелеудің алғашқы сатысы балалық шақтан басталады.

Өйткені мінез-құлық, дүниетаным мен өмірлік құндылықтардың негізі бала кезде қалыптасады. Кішкентайынан шындықты айтуға, өз еңбегімен жетістікке жетуге, әділ болуға үйренсе, есейгенде теріс жолға түспейтіні анық.

№ 2 Денисов жалпы білім беретін мектебі жас ұрпаққа білім беру қызметінде осы ұстанымды басшылыққа алады. Оқу ошағы 2026 жылдың басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру,  құқық бұзушылықтың алдын алу және «Заң мен тәртіп» құндылығын нығайту бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Мұндай іс-шараларды «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында бекітілген жылдық жоспарға сәйкес жүзеге асыруда.

-Ең алдымен, мектепте ата-аналар мен оқушылардан ақша жинауға тыйым салу туралы арнайы бұйрық шығарылып, оның талаптары педагогтерге, ата-аналарға және білім алушыларға түсіндірілді. Әсіресе бітіру кештеріне қаражат жинауға, педагогтерге сыйлық алу мақсатында ақша жинауға жол берілмейтіні ескертілді. Менің ойымша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ең алдымен мектептің өз ортасындағы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуден басталуы керек,-дейді № 2 Денисов жалпы білім беретін мектебі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айгерим Дабылова.

Мектептің жылдық жоспар аясында академиялық адалдықты сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға құрмет пен жауапкершілікті қалыптастыру мәселелеріне басымдық берілген. 1-11-сыныптарда аптасына бір рет құқықтық жалпыға бірдей оқыту сабақтары және 5-11-сыныптарда «Заң мен тәртіп» факультативтік сабақтары өткізіледі. Сонымен қатар «Адал ұрпақ» клубы құрылып, жұмыс істеуде. Оның мүшелері оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғамға қаупі жайлы насихат жұмыстарын кеңірек түсіндіріп, замандастарына үлгі көрсетіп келеді. Шәкірттер арасында «Мен адал азаматпын» ақпараттық буклеттер тарату акциясы, «Бейбітшілікке 7 қадам» флешмобы, «Заң және құқық әлемінде» құқықтық квесі, «Адалдықты таңдаймыз» сурет байқауы, «Менің құқығым басқа адамның құқығы басталған жерде аяқталады» деген тақырыпта мектепішілік эссе байқауы мен интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылды. «Адалдық таңдауынан басталады» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты, мемлекеттік қызметкерлермен кездесулер, полиция қызметкерлерінің профилактикалық әңгімелері, дөңгелек үстелдер мен дебаттар өтті.

-Біздің мектепте «Парасатты Азамат» ақпараттық бұрышы бар. Онда құқықтық сауаттылық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ақпараттар орналастырылады. Ерекше атап өткім келетіні, 2-сынып оқушылары ай сайын адалдық пен әділдік тақырыбында театрландырылған қойылымдар көрсетеді. Бұл – адамгершілік құндылықтарды бала санасына ерте жастан сіңірудің тиімді жолы. Жалпы, тәрбие жұмыстары мектептің барлық 1–11-сынып оқушыларын қамтиды,-деп түсіндірді директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол бала бойына отбасынан, мектептен бастап сіңетін адалдық, әділдік, жауапкершілік және ар-ұят сияқты қасиеттер арқылы жинақталады. Бала тәрбиені өскен отбасы мен білім алған жерінен алады. Мектеп – баланың азаматтық көзқарасы мен өмірлік ұстанымы жинақталатын маңызды орта. Сондықтан № 2 Денисов жалпы білім беретін мектебі оқушыларға адал еңбек етудің, өз міндетін жауапкершілікпен орындаудың, өзгенің еңбегін құрметтеудің және заңды сақтаудың маңызын үнемі түсіндіріп отырады.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді мектеп ұжымы жолдады.


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 6