Қамысты ауданы: жастар неге ауылдан қашады?
Осы мәселе әкімдік отырысында көтерілді.
Қостанай облысында өткен әкімдік отырысында бірқатар аудандардың, соның ішінде Қамысты ауданы жастарының белсенділігі сынға алынды.
Өңірде жастар саясатын дамытуға биыл 1,6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгенімен, бөлінген миллиондар мен ұсынылған мүмкіндіктерді ауыл жастарының қаншалықты пайдаланып жатқаны үлкен сұрақ тудырып отыр.
Облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Құлмағамбеттің мәлімдеуінше, биыл өңірде дарынды жастарды қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық байқауы ұйымдастырылған. Байқау аясында жас кәсіпкерлер мен инноваторлар өз жобаларын жүзеге асыруға қаржылай мүмкіндік алды. Алайда, бұл жобаға Қамысты ауданының жастары тарапынан бірде-бір өтінім түспеген.
Облыс бойынша түскен барлық 61 өтінімнің басым бөлігі (50 өтінім) тек бес қала мен ауданның (Қостанай, Лисаков, Жітіқара, Сарыкөл және Қостанай аудандары) үлесіне тиіп отыр.
Ауыл жастарының бұл енжарлығы облыс басшылығының да қатаң сынына ілікті. Жиында сөз алған облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қамысты ауданын ерекше атап өтіп, жергілікті биліктің ақпараттандыру жұмысын сынға алды.
«Қамысты, Алтынсарин, Амангелді, Жангелдин, Қарабалық, Федоров аудандары мен Бейімбет Майлин ауданындағы, сондай-ақ Арқалық қаласындағы жастар мұндай байқауларға қатысуға қызығушылық танытпай ма, әлде бұл мүмкіндіктер туралы жеткілікті ақпарат алмай отыр ма?», – деді өңір басшысы.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Қамысты ауданында мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар туралы түсіндіру және ақпараттық-насихат жұмыстарының ақсап тұрғанын көрсетеді.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Қамысты және өзге де белсенділігі төмен аудандардағы олқылықтарды тез арада жоюды, жастарға ақпаратты қолжетімді етуді және бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді қатаң тапсырды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31