Қамысты ауданында 3500 тал екті

Биыл аудан аумағында 3500 түп ағаш егілді. Бұл өскіндер өлкемізге ерекше сән беріп қана қоймай, экологиялық жағдайын да жақсарта түсетіні анық.

Айналаны жасыл желекке бөлеу жұмыстары «Таза Қазақстан» республикалық акциясынан бастау алды. Аталған акцияға аудан орталығы бойынша тоқсаннан астам тұрғын қатысып, жеті жүзге жуық түп тал екті.

 

Экологиялық акция аудан орталығынан басталып, ауылдарда да жалғасын тапты. Қамыстылықтар саябақтар мен жол жиектеріне ағаш көшеттерін отырғызып, аудан орталықтары мен ауылдардың тазалығын ретке келтіруде. Ауқымды шара аясында көшелер абаттандырылып жатыр.
Қамысты ауданында тұратын танымал әнші Досбол Қашқымбаев қолына күрек алып, өнердегі әріптестерімен бірге көшет отырғызды. Өнер иесі өзі тұрып жатқан өлкесінің көркеюіне үлес қосуды парызы санайды.

– Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген көшелі сөз бар. Асыл дініміз бойынша да ағаш егу сауапты амал. Туған жерімізді көркейтіп, жасыл желекке айдалдыру мақсатында ағаш егу акциясына қатыстық. «Бір тал кессең, он тал ек» – демей ме қазақ даналығы? Жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалып, жазда сая, қыста қамал болады. Ағаш – табиғаттың ерекше жаратылған бір көркі, – дейді Досбол Қашқымбаев.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылған шарада қамыстылықтар жер құрғағаннан бастап көшелер мен саябақтарды абаттандырды, көшеттер отырғызды. Бұл жұмыстарға аудан басшыларынан бастап жастарға дейін атсалысуда.

Қамысты ауылдық округі әкімдігінің сектор меңгерушісі Асқар Наурызбаевтың айтуынша, экологиялық акцияның басты мақсаты – өңірдегі жасыл желектер санын көбейту және оларды сақтау.

Көгалдандыру жұмысы барысында қарағаш, қарағай, пирамидалық терек сынды ағаш түрлері отырғызылды. Көшеттер өңірдің табиғатына бейімделген жерден алынған.

Бұл жас шыбықтар саябақтар мен гүлзарларға, мемлекеттік мекемелер мен мектеп, балабақша аулаларына, село орталығына кіре берістерге отырғызылмақ.


-«Тәуелсіздік» паркінің айналасына 150 түп қарағаш көшеті, №1 Қамысты жалпы білім беретін мектебінің айналасына 50 жас шыбық, аудандық мемлекеттік кірістер бөлімінің маңайына 50 тал егілді. Оның сыртында Құдайқұлов көшесі бойына 130 түп пирамидалық терек талы, Абай көшелерінің бойына 30 түп, аудандық мешітке 100 көшет, аудандық аурухана айналасына 25 түп, «Айналайын» балабақшасы бойына 25 пирамидалық терек отырғызылды. Абай мен Гумилев көшелері қиылысындағы саябаққа 108 түп қарағай көшеті егілді, – дейді Қамысты ауылдық округі әкімдігінің сектор меңгерушісі Асқар Наурызбаев.

Жалпы елді мекенді көгалдандыру жоспары бойынша барлық аудандық әкімдік аппараты, бөлім қызметкерлерінің бір кісідей атсалысқан.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31