Қамысты ауданында жылыту маусымына дайындық қалай жүріп жатыр?

 Қажетті отынның 70 пайыздан астамы жеткізілді.

Қамысты ауданында 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алдағы маусымға қажетті отын қорының 70 пайыздан астамы жеткізілді. Бұл туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуаныш Оразбаев мәлім етті.

Ведомство мәліметінше, алдағы жылыту кезеңінде аудан бойынша барлығы 12 218 тонна көмір қажет. Қазіргі уақытта бұл жоспардың 8,662 мың тоннасы (70,9%) жеткізіліп қойған.Салалар бойынша көмір қорын жеткізу көрсеткіші төмендегідей, халық үшін: қажеттілік – 7,615 мың тонна, әкелінгені – 5,558 мың тонна, білім беру объектілері: қажеттілік – 3,800 мың тонна, әкелінгені – 3,000 мың тонна, денсаулық сақтау саласы: қажеттілік – 0,69 мың тонна, әкелінгені – 0,23 мың тонна, бюджеттік ұйымдар: қажеттілік – 0,113 мың тонна, әкелінгені – 0,104 мың тонна.

Аудан билігі тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары әрі қарай жалғасатынын атап өтті.

Биылғы дайындық науқаны тек көмірмен шектелмейді. Инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде Қамысты аудандық мәдениет үйі мен сауықтыру дене шынықтыру орталығында заманауи блок-модульдік газ қазандықтары орнатылды. Бұл әлеуметтік маңызы бар нысандардың жылу жүйесін едәуір жақсартпақ.

Сонымен қатар, бюджеттік ұйымдар көмір жеткізу бойынша барлық қажетті шарттарды толық көлемде жасасты. Қазірдің өзінде барлық ұйымдардың қазандықтары ағымды жөндеуден өткен.

Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, аудандағы ұйымдар күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу үшін құжаттарды дайындау үстінде.

Ведомство басшысының айтуынша, құжаттарды қабылдау жыл сайын 15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

«Қыс мезгілі әрқашан күтпеген сынақтар әкелуі мүмкін, бірақ біз үшін басты міндет – аудан тұрғындарының үйлері мен әлеуметтік нысандардың жылы, жайлы болуын қамтамасыз ету. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар мен жеткізіліп жатқан отын көлемі бұл бағыттағы шаралардың өз уақытында және жүйелі түрде жүріп жатқанын көрсетеді. Барлық дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтаймыз», – деп түйіндеді сөзін Қуаныш Оразбаев.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді жолдаған – аудан әкімдігі


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1