Қамыстыда қазаққа келін болған Каролина
Салт-дәстүрді серік еткен берекелі отбасы.
Көп жылдық тарихы бар Қамысты ауданында талай тағдыр тоғысқан. Бұл өңірде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, ортақ мүдде мен бірлік жолында еңбек етіп келеді. Бүгінде олардың арасында құда-жекжат болып, қазақтың салт-дәстүрін өміріне серік еткен отбасылар да аз емес.
Солардың бірі – орыс ұлтының өкілі, 2012 жылы қазақ отбасына келін болып түскен Каролина Тасмағамбетова. Ол бүгінде жолдасы Темірғали екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ұлты бөлек болса да, жүректері бір, мақсаттары ортақ бұл жанұя – нағыз бірлік пен түсіністіктің жарқын үлгісі.

Отбасы 14 жылдан бері бірге өмір сүріп келеді. Олар Арлан, Кәрім, Әмина және Назар есімді төрт баланы тәрбиелеуде. Балалары білімге құштар, өнер мен спортқа жақын болып өсіп келеді. Тұңғышы Арлан бокс пен футбол үйірмелеріне қатысады. Одан кейінгі Кәрім де боксқа қызығып, қосымша шахматпен айналысады. Қызы Әмина ән айтып, би билейді, волейбол үйірмесіне барады. Кенжесі Назар балабақша тәрбиесінде.
Каролина Орқаш ауылында дүниеге келіп, кейін Сарыкөл ауданына қоныс аударған. Кейін Қостанай қаласында білім алып жүрген кезінде Темірғалимен танысып, қазақ отбасына келін болып түсті. Бүгінде ол қазақ тілін еркін меңгеріп, ұлттық дәстүрлерді құрметпен ұстанып келеді.

«Біздің отбасымызда ұлтқа бөліну деген жоқ. Барлық мерекені бірге атап өтеміз. Наурызда бауырсақ пісіріп, ет асып қонақ күтемін. Пасхада тәтті нан пісіріп, көршілерге таратамыз. Балаларымыз да барлық дәстүрді құрметтеп өсіп келеді», – дейді Каролина.
2019 жылы отбасы Алтынсарин ауылына қоныс аударған. Отбасының тірегі – Темірғали. Ол бала күнінен қиындық көріп, мектеп-интернатта тәрбиеленген. Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатда білім алған. Соған қарамастан, еңбексүйгіштігі мен табандылығының арқасында өз отбасын құрып, адал еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда ол «Алтынсарино» ЖШС-де қой шаруашылығымен айналысады.
Каролина да кәсіпкерлік жолға бет бұрған. Мемлекеттік грант ұтып алып, жеке кәсібін ашқан ол бүгінде тапсырыспен тәтті нан, тоқаш пісіріп, өз ісін дамытып отыр.
«Қиындық болса да, ешқашан берілмейміз. Балаларымыз үшін еңбек етіп келеміз. Ең бастысы – отбасымызда махаббат пен сыйластық бар», – дейді ол.
Бұл отбасы барлық мерекені бірге атап өтеді. Наурызда ұлттық тағамдар әзірлеп, көрші-қолаңмен бөліссе, өзге мерекелерде де бір-біріне құрмет көрсетуді ұмытпайды. Балалары да ата-анасының өнегелі жолын жалғастырып келеді.

Каролина қазақ халқының салт-дәстүрін ерекше құрметтейтінін айтады. «Шілдехана, азан шақырып ат қою, бесікке салу, тұсаукесер сияқты дәстүрлерді міндетті түрде сақтаймыз. Ауылға да сіңісіп, жақсы келін болуға тырысып жүрмін», – дейді ол.
Қазіргі таңда отбасы үлкен мақсат қойып отыр – қалаға қоныс аударып, ерекше күтімді қажет ететін кенже ұлдарына сапалы ем алу мүмкіндігін жасау. Бұл да ата-ананың балаға деген шексіз махаббатының айқын дәлелі.
Темірғали мен Каролина Тасмағамбетовтер отбасы – еліміздегі татулық пен бірліктің жарқын үлгісі. Түрлі мәдениет тоғысқан бұл шаңырақта ең басты құндылық – сыйластық пен махаббат.
Қазақта «қонақжайлық» деген қасиетті дәстүр бар. Бұл отбасының үйінен қонақ үзілмейді, береке мен жылулық үнемі сезіліп тұрады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31