Қамыстыда дала жұмыстарына дайындық қалай?

 Биыл егіске 34,8 мың тонна тұқым дайын.

Бірер айдан соң елімізде көктемгі дән себу жұмыстары басталады. Қазірдің өзінде шаруашылықтарда осы науқанға дайындық жұмыстары басталып кетті. Жалпы, биыл қардың жылдағыдан көп түсуін қамыстылық диқандар жақсы ырымға балап отыр. Табиғаттан сыйы болса да диқан қауымы арқаны кеңге салып отырған жоқ. «Көктемнің бір күні жылға азық» деген қағиданы естеріне мықтап ұстап, көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты әзірлікпен келуді мақсат тұтуда.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметтері бойынша, өңір фермерлері биыл көктемде 255 мың гектар бидай, 17 мың гектар арпа, 42 мың гектар майлы дақылдар, 6 мың гектар біржылдық шөп, 41 мың гектар мал азығы дақылдары, 0,183 мың гектар картоп, 1,2 мың гектар қарақұмық, 1,5 мың гектарды бұршақ дақылдарын егуді жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда 65,8 мың гектар өңделген пар дайындалған, ал күзгі топырақ өңдеу жұмыстары 70 мың гектарға жүргізілген.

«Көктемгі егіске 34,8 мың тонна тұқым дайындалған, барлығы зертханалық тексеруден өтіп, кондициялық деп танылды. Аудан диқандары сорт жаңарту деңгейін 11,5%, яғни 4 мың тонна элита дәнін қолдануы тиіс. Бұл өнімділікті арттыруға және дақыл сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – дейді ауыл шаруашылық саласының мамандары.

Көктемгі егіс жұмыстарының тиянақты жүргізілуі ең алдымен техникалардың да сақадай сай болуына байланысты екені белгілі. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 648 трактор, 161 егіс кешені, 1181 тұқым сепкіш техникалары қатысады.

Көктемгі дала жұмыстарын атқаруда қажетті жанар-жағар майдың да рөлі зор. Қазіргі таңда 98% ауылшаруашылық техникасы дайын. Сонымен қатар, фермерлерге 5,4 мың тонна дизель отыны бөлінген, бұл көктемгі дала жұмыстарын уақтылы бастауға мүмкіндік береді.
Дақыл өнімділігін арттыру мақсатында биыл 27,6 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынады. Азоттық – 9,6 мың тонна (егуге 5,7 мың тонна қажет), фосфорлық – 18 мың тонна (егуге 10,1 мың тонна қажет).

«Қайрат» ӨКФ» ЖШС басшысы Төремұрат Өтепов жұмыстың сәуір айында басталатынын және техниканың сақадай-сай екенін жеткізді. Аталған ЖШС биыл 256 тонна элиталық тұқым алған. Үкіметтен тиісті көмек көрсетіліп, үлкен қолдауға ие болып отыр. Оның айтуынша, екі ЖШС пен бір шаруа қожалығының қос есептеуінде биыл 20 мың гектар жерге тұқым себу жоспарланған.

Қамысты ауданында көктемгі егіске дайындық жұмыстары толық және жүйелі жүргізіліп жатыр. Фермерлерге барлық қажетті ресурстар – тұқым, техника, тыңайтқыш және қаржылай қамтамасыз етілмек. Осылайша, аудан биылғы жылы егін көлемін арттыру мен дақыл құрылымын әртараптандыру міндетін толық орындай алады. Осындай жан-жақты тыңғылықты даярлықпен аудан диқандары сәуір айының аяғында көктемгі егіс жұмыстарын бастамақ.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3