Қамыстыда мал шаруашылығы қарқынды

 Төрт ірі жоба іске асты.

Қостанай облысында мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы ретте Қамысты ауданы 2025 жылы ет бағытындағы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша өңірде көшбасшылардың біріне айналды.

Ауданда бір жыл ішінде төрт ірі жоба іске қосылып, саланың дамуына айтарлықтай серпін берді. Атап айтқанда, ірі қара малды бордақылау алаңының қуаты 5 мың басқа дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, Әулиекөл тұқымды 250 басқа арналған асыл тұқымды ірі қара өсіру жобасы жүзеге асырылды.

Аудан әкімі Ерлан Жаулыбаевтың айтуынша, бұл жобалар өңір экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады.

– Қамысты ауданы ауыл шаруашылығы саласында өзінің әлеуетін толық көрсетуге дайын. Бізге сенім артылған жобаларды сапалы іске асырып, өндіріс көлемін арттыру – негізгі міндет. Әр жоба – ауданның болашағына қосылған үлес, – деді ол.

Бұдан бөлек, ауданда жылқы шаруашылығын дамыту бағытында екі жоба жүзеге асырылып, жалпы 500 басқа дейін жылқы өсіруге мүмкіндік жасалды. Бұл өз кезегінде қымыз өндірісін арттырып, етті жылқы шаруашылығын дамытуға жол ашады.

Қамысты ауданында бір жыл ішінде төрт жобаның іске асуы – өңірдің аграрлық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар бұл ауданның мал шаруашылығын дамытудағы белсенділігін айғақтайды.

Жалпы, Қостанай облысында мал шаруашылығын қолдау және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Қамысты ауданында қолға алынған бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс көлемін арттыруға ықпал етуде.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 4