Қамыстыдағы Адаев мектебі қысқа дайындық үстінде

 Жылу жүйесін жаңартуға 9 млнға бөлінді.

Қамысты ауданында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталды. Аймақтағы білім ошақтарын қысқы суықтан қорғау мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Соның ішінде, бүгінде аудан бойынша жөндеуден өтіп жатқан қос мектептің бірі – «Қамысты ауданының білім бөлімінің Адаев жалпы білім беретін мектебі. Бұл туралы ақпаратты аталған мектептің директоры Жанна Әбенова мәлім етті.

Аталған білім ошағында қазіргі уақытта 62 оқушы білім алып, жанындағы шағын орталықта 10 бүлдіршін тәрбиеленуде. Шағын ауылдың жалғыз алтын ұясы болғандықтан, мұндағы балалардың жайлылығы мен қауіпсіздігі – бірінші кезектегі міндет.

Мектептің жылу жүйесін ретке келтіру үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып, нәтижесінде Рудный қаласынан келген «SW Abroi» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер ретінде анықталған. Екіжақты бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 9,051 миллион теңгені құрайды.
Инженерлік желілерді жаңарту бойынша бекітілген жоспар ауқымды. Оның ішіне мынадай техникалық жұмыстар кіреді. Жылу радиаторларын жуу – 80 дана, диаметрі 15 мм-ге дейінгі құбырларды ауыстыру – 40 метр, диаметрі 20 мм-ге дейінгі құбырларды ауыстыру – 400 метр. Су мен буға арналған крандарды ауыстыру – 240 дана. Тозығы жеткен вентильдерді жаңасына ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Мектеп әкімшілігінің хабарлауынша, жұмыстардың алғашқы және ең маңызды кезеңі сәтті аяқталды. Тұрғындар мен ата-аналарды алаңдатпау үшін мердігер жұмыс қарқынын бәсеңдетпеген.

«Бүгінгі таңда жылу жүйесін жуу жұмыстары толық көлемде орындалды. Жоспарланған 80 радиатордың барлығы тазартылып, бұл бағыттағы көрсеткіш 100 пайызға жетті. Қазіргі уақытта нысанда құбыр желісін монтаждау, су мен буға арналған крандарды орнату, сондай-ақ жылу жүйесінің негізгі тірек құбырларын жүргізу жұмыстары жалғасуда», – дейді мектеп басшысы Жанна Әбенова.

Оның айтуынша, нысандағы құрылыс-жөндеу науқаны бекітілген және құзырлы органдар мақұлдаған арнайы кестеге сай жүріп жатыр. Мердігер тарапынан да, мектеп басшылығы тарапынан да ешқандай іркіліс байқалмайды.

Келісімшарт бойынша міндеттемелерді толық аяқтаудың соңғы мерзімі ретінде 2026 жылдың 1 шілдесі бекітілген. Жұмыстың қазіргі қарқынына қарап, мамандар жөндеудің уақытылы аяқталатынына және жаңа оқу жылы басталғанша мектептің жылу жүйесі толық дайын болатынына сенім білдіріп отыр.

Қамысты аудандық білім бөлімі жөндеу жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстап тұрғанын жеткізді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер мектеп әкімшілігінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2