Қамыстыда қысқы жол күтіміне дайындық күшейтілді

 Биыл қысқы кезеңінде автомобиль жолдарында қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында Қамысты ауданында аудандық маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілуде.

Бұл туралы Қамысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі хабарлайды.

Аталған жұмыстарды мердігер ұйым — «Альдикешев В.К.» жеке кәсіпкері атқаруда. Қысқы күтіммен келесі бағыттар қамтылған. Клочков, Талдыкөл ауылдарына кіреберіс жол – 42 км; Пушкин ауылына кіреберіс жол – 3 км, Дружба ауылына кіреберіс жол – 69 км, Фрунзе ауылына кіреберіс жол – 36 км, Арқа және Красногор ауылдарына кіреберіс жолдар – 37,9 км.


Қолайсыз ауа райы жағдайларында жедел әрекет ету үшін арнайы техника толықтай дайындалған. Атап айтқанда, автогрейдерлер, артқы қазу қондырғысы бар тиегіштер, жылдам қар тазалағышы бар ауыр жүк көліктері, КАМАЗ өзге де арнайы техникалар әзірленді. Әрбір техника түріне жауапты қызметкерлер бекітілген.

Сонымен қатар, мердігер ұйымның аудан аумағында орналасқан өндірістік базасында қажетті материалдық қор қалыптастырылған. Қазіргі таңда 10 тонна құм және дизель отынының резерві бар. Бұл қарлы боран мен көктайғақ кезінде жол жұмыстарын үздіксіз жүргізуге мүмкіндік береді.
Қамысты ауданы әкімінің орынбасары Салтанат Баекеннің айтуынша, қысқы жол күтімі ерекше бақылауда.


«Қысқы кезеңде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету — басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда мердігер ұйым тарапынан барлық дайындық жұмыстары толық жүргізілді. Техника сақадай сай, қажетті материалдар жеткілікті. Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда жол тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілетін болады», – деді Салтанат Баекен.

Қамысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қыс мезгілінде жолдардың жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауда ұстайтын болады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен алынды.


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1