
Қамыстыда заманауи бейнебақылау жүйесі орнатылуда
Қамысты ауданының кіреберіс жолдарына қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 25 бейнебақылау камерасы орнатылуда.
Бұл жобаны жүзеге асыруға аудан бюджетінен 18 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Жаңа бейнебақылау жүйесі заманауи талаптарға толықтай сай. Бұған дейін пайдаланылған камералардың техникалық мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан, олар арқылы нақты бақылау жүргізу қиынға соғатын. Ал жаңадан орнатылып жатқан құрылғылар жоғары сапалы бейнежазбалар түсіруге мүмкіндік береді және олар жол қозғалысы ережесінің бұзылуы, рұқсатсыз қоқыс тастау, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзу жағдайларын нақты бақылауға алады.
Камералардан түсетін бейнематериалдар полиция бөлімінің кезекшілік қызметіне автоматты түрде жолданып отырады. Бұл тәртіп бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және құқық қорғау органдарының жұмысын тиімді жүргізуге жол ашады.
Қамысты селолық округі әкімінің сектор меңгерушісі Әмір Итқұзовтың айтуынша, қазіргі таңда бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Жоба толығымен аяқталған соң, аудан орталығы мен кіреберіс жолдардағы қауіпсіздік деңгейі едәуір артады деп күтілуде.
Жергілікті билік өкілдері тұрғындарды тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікке ортақ жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31