Қамыстыда жаңа экологиялық жоба іске асуда

Оған 50 млн теңге инвестиция салынды.

Қамысты ауылында ауқымды экологиялық және инфрақұрылымдық модернизация басталды. Өңірде толықтай жеке инвестиция есебінен жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен көң қоймасы салынып, орталықтандырылған қоқыс шығару жүйесі енгізіледі.

Аудан әкімдігі стратегиялық маңызы бар жобаны жүзеге асыру мақсатында ақтөбелік «Тазалық-2015» жеке кәсіпкерлігімен арнайы меморандумға отырған.Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, қажетті тарифтер бекітілді. Инвестор тұрғындармен орталықтандырылған түрде қоқыс шығару бойынша келісімшарт жасасуды бастап кетті.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – ауылда бірізділік пен эстетикалық тәртіп орнату. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін саудаға «Қамысты» логотипі бар арнайы қоқыс контейнерлері шығарылады.

1 тамыздан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинау мен шығару жүйесі толықтай жұмысын бастайды. Ауылда бұл қызметті сапалы жүзеге асыру «ИП Тазалық» коммуналдық кәсіпорнына жүктелген. Тұрғындар ауа райына төзімді, ылғал өткізбейтін арнайы бөшкелерді пайдалануы тиіс (өзінде барын пайдалануға немесе жаңасын сатып алуға болады). Бөшкелер таза болып, алдыңғы жағына «ҚТҚ», «Қоқыс», «ТБО» немесе «Мусор» деген таңбалардың бірі жазылуы керек. Тұрғындар өз қалауы бойынша контейнерлерге «Таза Қазақстан» акциясының логотипін немесе өз үйлерінің нақты мекенжайын жазып қоюына болады.

Қазіргі уақытта халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік желілер мен WhatsApp-чаттар арқылы арнайы жадынамалар таратылып, үй-үйді аралау ұйымдастырылуда.

Қамысты аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхан Оңғарбайдың айтуынша, бұл бастама ең алдымен өңірдің экологиялық жағдайын оңалтуға және заңсыз қоқыс орындарының алдын алуға бағытталған. Ауыл және аудан әкімдігі тұрғындарды азаматтық жауапкершілік танытып, үй аралау барысында сауалнама ведомостарына белсенді қатысуға шақырады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді жолдаған – аудандық ішкі саясат бөлімі


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 5