Қамыстының өнерлі отбасы

 Мұрат аға мен Балтамар апаның өнегелі ғұмыры.

Адам өмірі – өткен жолдың ізімен өлшенеді. Біреу үшін байлық, біреу үшін атақ маңызды болса, енді біреулер үшін ең үлкен бақыт – отбасы, еңбек және елге қызмет ету. Қарабатыр ауылының сыйлы жандарының бірі Балтамар Жақсыбаеваның өмір жолы дәл осындай қарапайым еңбек пен өнерге, отбасы мен адамгершілікке толы тағылымды ғұмыр.

Сонау тоқсаныншы жылдардың басында республикалық «Әнші балапан» байқауында Қостанай облысының намысын қорғап барған Жақсыбаевтар отбасылық ансамблі көрермен қауымның көзайымына айналып еді. Бір үйдің төрт балапаны – ересегі ондарда, одан кейінгі жеті-сегіздерде, бес-алтыдағы ұлдар, тіпті кішісі тілі енді ғана шыққан сүйкімді қараторы қыз теледидар бетін жаулап алды. Кішкентай балапандар сол республикалық конкурстың финалына дейін жетіп, лауреат атанды. Отбасылық ансамбльдің бүлдіршіндеріне тәрбие берген, өнерге баулыған ата-анасы Мұрат-Балтамар Жақсыбаевтар болатын.

Жанұялық ұжым Қарабатыр ауылының атын шығарып, ауданнан асып, талай облыстық, республикалық ән жарыстарында биіктерден көрінді. Әке-шешелі балалардың барлығы электр барабан, гитара, синтезатордан бастап эстрадалық музыкада небір танымал әндерді, шығармаларды орындап жүреді.

Бүгінгі кейіпкеріміз – өмірін өнермен сабақтастырған осы әулеттің келіні, аяулы жар, ұл-қыздың анасы, немерелердің әжесі Балтамар Жақсыбаева жайында болмақ.

Балтамар Енгамқызы 1957 жылы 22 шілдеде Павлодар облысы Шарбақты ауданының Жаңаауыл колхозында дүниеге келген. Балалық шағы сол елде өтіп, Жаңаауылдағы он жылдық қазақ орта мектебін 1974 жылы аяқтайды. Білім ордасының қабырғасында жүргенде-ақ өнерге жақын болып, түрлі мәдени-танымдық шараларға қатысып жүріпті.

«Қазақ сыныбында білім алдым. Мектеп ішінде, ауылдағы жиындарда жүргізуші болатынмын. Ән айтып, сахнаға шығып жүретінмін. Өнерге қызығушылығым сол кезде басталған», – деп еске алады Балтамар апай.

Онжылдықты бітірген жылы Павлодар облысының Ермак қаласындағы (қазіргі Ақсу) мәдени-ағарту техникумына оқуға түседі. Алайда ата-анасының жасы ұлғайып, сырқаттанып қалуына байланысты оқуын аяқтай алмай, туған ауылына қайтуына тура келеді.

1975 жылдың күзінде Балтамар Енгамқызы ауылдың мәдениет үйінде қызметке орналасады. Жас болса да, белсенділігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ауыл жастарын өнерге баулуға белсене кіріседі. Бір жылдан кейін комсомол ұйымының хатшысы, кейін мәдениет үйінің директоры қызметін атқарыпты.

«Сахнадан түскен жоқпыз десем болады. Театр аштық, пьесалар қойдық. Би үйрендік, ән айттық. Ауыл жастарының бәрі сол мәдениет үйіне жиналады. Ол жылдар ауыл мәдениетінің қызған шағы. Жастар өнерге құштар, ал мәдениет үйі – ауыл өмірінің орталығы болатын», – дейді апай сол кезеңді еске алып.

1980 жылдың жазында Балтамар апаның өмірінде үлкен өзгеріс болды. Әскерден келген бір жігітпен көрші үйде танысып, екеуі араласа бастайды. Ол – болашақ жары Мұрат Жақсыбаев болатын.

«Жолдасым Мұрат әскерден келе жатып біздің көрші баланың үйіне келгенде таныстық. Жарты жылдай араластық. Содан 1980 жылдың желтоқсанында мені алып қашып кетті», – деп күліп еске алады Балтамар апай.

1980 жылдың 20 желтоқсанында екеуінің үйлену тойы өтіп, Балтамар апай Қостанай облысы Қамысты ауданының Орқаш ауылына келін болып түседі. Сөйтіп 21 жасында Жайылма жұртына Мырқайдар ата мен Рая ананың шаңырағына келіпті. Мырқайдар Дүйсенұлы да өнерден кенде емес – суырыпсалмалығы бар, сөзге шешен жан еді.

«Енеммен төрт жылдай бірге тұрдым. Ол кісі мені бауырмал, көпшіл болуға үйретті. Келіндікке үйретті. Тату болдық. Үй шаруасына баулыды. Тұңғышымыз Ермекті бағып өсірді. Кезінде туған ата-анамдай болған ата-енем туралы мақала да жазғанмын», – деп еске алады кейіпкеріміз өткен күндерді.

Келесі жылы жас келін Балтамар Орқаш мектебіне кітапханашы болып жұмысқа орналасады. Сол жылы тұңғыш ұлы Ермек дүниеге келген екен. Бала күтімнен кейін Орқаш ауылындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Бір жылдан кейін екінші ұлы Қанат дүниеге келеді. Кейін орталық кітапханада қызмет атқарады. Осы жылдары үшінші ұлы Самат дүниеге келеді. Баласы бір айға толғанда, жаңа ұйымдастырылып жатқан Талдыкөл совхозына мәдениет қызметкерлері керек деген ұсыныс түседі.

«Саматтың жаңа туған кезі еді. Бала қырқынан шықпай жатып, Мұрат екеуміз Талдыкөлге көшіп кеттік. Мұндай ұсынысты жасаған ел ағасы Жәзит Құдайқұлов ағамыз еді», – дейді апай.

Талдыкөлде сегіз ай тұрғаннан кейін, Жәзит Кәрімұлы оларды мәдениет саласын дамыту үшін Ворошилов (қазіргі Қарабатыр) ауылына шақырады. 1986 жылдың маусым айында Жақсыбаевтар отбасы Қарабатыр еліне қоныс аударады. Бұл жерде де олар мәдени өмірдің ортасында жүрді. Балтамар апай балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеді.

«Балабақшада бес жыл тәрбиеші болдым. Кейін қысқарту болып, күтуші болып істедім. Барлығы он үш жыл сол балабақшада еңбек еттім», – дейді ол.
1988 жылы отбасында қыз бала дүниеге келеді. Оның есімін Нағима деп қояды. 1990 жылдардың ортасында елдегі қайта құру кезеңі ауыл өміріне де әсер етеді. Балабақша мен мәдениет үйлері жабыла бастайды.

«1994-96 жылдары мәдениеттің де, балабақшаны да жауып тастады. Балаларымыз мектеп бітіріп жатыр. Оларды оқыту керек», – дейді Балтамар апай.
Сол кезде Мұрат ағай қазандықта жұмыс істесе, Балтамар апай құрылыс саласына жұмысқа орналасады.

«Құрылысқа кеттім. Сыладық, ақтадық, сырладық. Қарабатырдың талай үйін жөндедік. Базаларды, қазандықтарды, сарайларды жөндедік. Барлығы жиырма жылға жуық уақыт ауыл құрылысында істедім», – дейді кейіпкеріміз.

Зейнеткерлікке шыққан соң да ол жұмысын жалғастыра береді. Кейін ауыл кітапханасында бос орын пайда болып, Балтамар апайды сол жерге шақырады.

«Сіз өнер адамысыз, музейді сақтайтын тиянақты адам керек деп, кітапхана мен музейге жұмысқа шақырды. Содан бері сол жерде еңбек етіп келемін», – дейді ол.

Балтамар апай мен Мұрат ағайдың өмірінде өнер ерекше орын алады. Мұрат ағамыз 45 жылдан астам уақыт мәдениет саласында еңбек етіп келеді. Ол ауылдарда ансамбльдер құрып, жастарды өнерге баулыған.

«Жалпы, біздер – әйел заты ол заманда өмірге бала әкелгеннен кейін бір жылда жұмысқа шығып кететінбіз. Мұрат Орқашта да, Талдыкөлде де, Қарабатырда да ансамбль құрды. Балаларды жинап, гитара үйретіп, ән айтқызып жүрді. Тұңғышымыз Ермек бас гитарада ойнады. Қанат барабаншы болды. Самат гитарада ойнады. Нағима екеуіміз ән айттық. Бәріміз бірге сахнаға шығатынбыз», – дейді Балтамар апай.

Бүгінде олардың балалары да өнер жолын жалғастырып келеді. Тұңғыш ұлы Ермек – облыстық филармонияның әншісі, өңірге белгілі DosStar тобының солисі. Екінші ұлы Қанат – музыкант, Қостанайдағы зағиптар қоғамында жұмыс істейді. Үшінші ұлы Самат – ауылда, ата-анасына қарайласып жүр. Қызы Нағима – Жітіқара қаласында хореограф әрі әнші.

«Қызымыз Челябідегі университетінің би мамандығын бітірген. Қазір Жітіқарада мәдениет саласында жұмыс істейді. Отбасылы, балалы-шағалы», – дейді Балтамар апай.

Бүгінде Мұрат ағай мен Балтамар апай 16 немеренің ата-әжесі. Немерелерінің көбі өнерге жақын. Қазір Балтамар апай ауылдағы «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі. Ансамбльге Мұрат ағай синтезатормен сүйемелдеп отырады.

«Біз әжелердің тобын құрғанбыз. Ән айтып, сахнаға шығып жүрміз. Қамыстыға, облысқа байқауларға барамыз», – дейді апай.
Балтамар апай мен Мұрат ағайдың шаңырақ көтергеніне биыл 45 жылдан асты. Өмірдің талай белесін бірге өткерген олар байлықпен емес, бақытпен өлшенетін ғұмыр кешіп келеді.

«Бай болмасақ та, өзімізді бақытты адамдармыз деп санаймыз. Балаларымыз өсіп, немерелеріміздің қызығын көріп отырмыз. Өнерімізді балаларымызға бердік. Солардың жетістігіне қуанып жүреміз», – дейді Балтамар апай.

Шынында да, өнер мен еңбекті, отбасы мен адамгершілікті қатар ұстаған бұл әулет – бүгінгі ұрпаққа үлгі болар өнегелі отбасы.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1