Арқалықта жерлесіміз Сәкен Қосмұхамбетовке ескерткіш тақта қойылды

Арқалық қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, Арқалық қаласының Құрметті азаматы, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Сәкен Таңатарұлы Қосмұхамбетовтің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

Тағылымды шара 14 желтоқсан күні Ш.Жәнібек көшесі, 90-үй мекенжайында өтті. Бұл үйде ардақты азамат 1976-2015 жылдар аралығында өмір сүрген еді.

Сәкен Таңатарұлы 1924 жылы Қостанай облысы Қамысты ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1939 жылы «Хлебороб» ұжымшарында малшы болып бастап, 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған. Соғыстан 1948 жылы оралған соң ел шаруашылығын қалпына келтіру ісіне белсене араласып, Жітіқара ауданында, кейін Амангелді және Арқалық өңірлерінде жауапты басшылық қызметтер атқарды. Облыстық және республикалық деңгейдегі партия-кеңес органдарында ұзақ жылдар еңбек етті.

Сәкен Қосмұхамбетов елге сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, Арқалық қаласының Құрметті азаматы атанды. Сондай-ақ ол бұрынғы Торғай облысынан Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің есімін жинақтап, «Боздақтар» атты кітап шығарған. Өмірінің соңғы жылдарында Арқалық қаласы Ақсақалдар алқасының төрағасы қызметін атқарды.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында Арқалық және Амангелді аудандарының Құрметті азаматтары, Сәкен ақсақалмен бірге қызмет атқарған замандастары Қайырден Жиенбаев, Мұхтар Ходенов, сондай-ақ Астанадан келген мемлекет қайраткері Серікбай Тапаев сөз сөйлеп, ардақты азаматтың ел алдындағы еңбегін ерекше атап өтті.

Шараға арнайы Қамысты ауданынан келген Қамысты ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қамысты ауданының Құрметті азаматы Ерболат Бекмұхамбетов естелігімен бөлісті.

– Сәкен Таңатарұлы – Қамысты өңірінің ғана емес, күллі Торғай жұртының мақтанышы. Ол қай қызметте жүрсе де әділдігімен, қарапайымдылығымен, елге деген адал ниетімен ерекшеленді. Осындай тұлғаларды ұлықтау, кейінгі ұрпаққа үлгі, тарихқа тағзым, – деді.

Сондай-ақ шара барысында марқұмның туыстары, күйеу баласы Қаратай Нұрманов және замандастары естеліктерімен бөлісті.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 4