Қарасу ауданында «Шапағат» клубы ашылды
Қарасу ауданының орталығында «Шапағат» клубы өз жұмысын бастады.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған қоғамдық бастама тіл жанашырларын біріктіретін рухани алаңға айналып отыр.
Бүгінде қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны көбейіп, тіл үйренуге ниет білдірушілердің қатары артқаны көңілге медеу. Мемлекеттік тіл – бізді біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жұмысы бәрімізге ортақ. Осы бағыттағы тағы бір жаңашыл бастама Қарасу ауылында қолға алынды.

– Қарасу ауданында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, өзге этнос өкілдерін қазақша еркін сөйлесуге ынталандыру және тіл арқылы қоғамда бірлік пен өзара түсіністікті нығайту мақсатында арнайы клуб ашуға бел байладық,-деп бастады әңгімесін аудандық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Бекзат Әбдіқан.
Таяуда ашылған клубтың негізін қалаған осы жігіт. Ол Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының түлегі. Педагогика және филология мамандығы бойынша жоғары білім алған. «Серпін» мемлекеттік бағдарламасымен оқыған қызылордалық азамат бүгінде Қарасу өлкесінде еңбек етуде.
-«Шапағат» клубы екі бағыт бойынша: басқарушы және атқарушы топ болып жұмыс істейді. Басқарушы топқа аудан басшылары, қазақ тілінің жанашырлары жұмылдырылған. Ол жерде барлығы 15-17 адамның көлемінде. Ал біз атқарушы топтамыз. Біздің қатарымызда он шақты адам бар. Клуб құрылымындағы басқарушы топ жалпы бағытты айқындап, жоспарды бекітсе, атқарушы топ сол жоспарды нақты іске асыратын негізгі күш болып есептеледі. Бұл – бірлескен, үйлесімді жұмыс. Басқарушы топтың негізгі рөлі – клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, бағыт беру және атқарылатын жұмыстарға қолдау көрсету. Ал атқарушы топ – клуб жұмысының қозғаушы күші. Олар жоспарланған іс-шараларды жүзеге асырып, тілдік ортаны қалыптастыруда белсенді қызмет атқарады,-деп түйіндеді оқытушы Бекзат Әділқанұлы.

Клуб жұмысы тек іс-шара өткізумен шектелмейтінін еске саламыз. Ол жерде:
- тіл үйренушілерге қолдау көрсетіледі;
- қоғамдық ортада қазақша сөйлеуге баулиды;
- мекемелермен бірлескен жобалар ұйымдастырады;
- ақпараттық-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді жолдаған – Бекзат Әбдіқан.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31