«Ауыл аманаты»: Дархан Есенбаев жылқы басын көбейту үшін 7 миллион 150 мың теңге қаражат алды

Дархан Есенбаев «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, жылқы басын көбейту үшін 7 миллион теңгеден астам қаражат алды.

Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайтын 5 жыл мерзімге берілетін несиені алған Қожа ауылының тұрғыны былтырдан бастап осы кәсіпке отбасымен бірге бет бұрған екен. Дарханның мақсаты – дархан далада жылқы басын көбейту.

«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы туралы естіп, құжат жинап тапсырдық. Осы орайда бізге кеңес беріп, осындай бағдарлама бар екенін түсіндіріп жеткізген ауыл әкіміне көп рақмет айтамыз. Бес жылға алынған 7 млн 150 мың теңге қаражатқа 12 бас Қамбар ата түлігін сатып алдық. Алғашқы екі жыл несие төлемейміз, себебі бизнестен пайда көргенше демалыс беріледі екен. Мақсатымыз анық – жылқы басын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Былтыр жазда он екі бас ұрғашы малды әкеліп бағып қағуда», – деп Дархан өз ойымен бөлісті.

Ойға алған шаруасы оңынан болса, кәсіпкер өздерінің әл-ауқатын арттырумен бірге елдің ақ дастарқанын адал аспен толтырамыз деген жоспарын да жасырмады. Яғни, мамыр айы басталысымен бие саууды бастамақшы.

Дархан – үйдің екіншісі. Науырзым еліне танымал Есенбай ақсақалдың немересі. А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде мал дәрігері мамандығын бітірген. Көрші Шилі ауылында мал дәрігері маманы болып жұмыс істеді. Шаңырақ көтерген соң үйге оралды. Қазір төрт баласы бар. Бұған дейін де бұл әулет өз қолдарындағы жеті биесін байлап, қымыз баптап келді. Өнімнің литрін ауылдықтарға 1000 теңгеден сатады. Мамыр басталысымен қара күзге дейін бие сауып, соны үлгертеді.

Былтырдан бастап «Дархан» жеке кәсіп иесі біржола шаруашылық саласына бет бұрды. Әкесі Марс та заманында мал дәрігері маманы болып еңбек етті. Өз құрығын ұлына ұстатты. Баласының кәсібінің оңынан болуына ақылын айтып, тілектестігін білдіріп отыр.

«Арғы атамыз осы жерде өз қолымен үй салған, малмен бірге, бағбаншылықпен де айналысқан. Бақшасында барлық жеміс-жидектер өсетін. Қазір ол жұмысты анасы жалғастырып отыр. Алманың бірнеше сорты бар», – дейді жас кәсіпкер.

Кез келген ауыл баласы секілді Дарханның да жылқыға деген ықыласы ерекше. Асауды өзі үйретеді. Мал дәрігері болған соң ауырғандарын өзі емдеп алады. Жылқы малын бағудың ауыртпалығы аз. Көп шығын әкелмейді. Қыс жайлы болса, далада тебіндей береді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген Әбіл Досжанов.


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31