Биыл Меңдіқара жұрты табиғаттың мол несібесіне кенелді

    Жауынмен жер көгерер деген рас.

Биыл жауын-шашынның мол түсуі Меңдіқара ауданының табиғатына ерекше нәр берді. Орман мен дала бүлдіргенге оранып, қызыл-жасыл жидек кілемдей жайқалып жатыр. Жидектің аңқыған хош иісі табиғат аясына шыққан жанды бірден баурап алады. Сондықтан аудан тұрғындары уақытты бос жібермей, мол өнімін жинауға кіріскен. Себебі бүлдіргеннің пісіп-жетілу мерзімі ұзақ емес. Халықтың айтуынша, оны небәрі 15–20 күннің ішінде теріп үлгеру қажет. Бір қызығы, дала жидегі біреулер үшін қысқы азық болса, енді біреулер үшін адал кәсіп пен табыс көзіне де айналған.

Таза өнімге деген сұраныс жақсы

Меңдіқаралықтар жаздың әр күнін тиімді пайдалануға тырысады. Табиғаттың берген мол несібесін ысырап етпей, қыс қамын ерте бастан ойлайды. Бірі бүлдіргеннен тосап қайнатып, отбасының азығын әзірлесе, енді бірі табиғи өнім дайындап, оны сатып, қосымша табыс табуда. Соңғы жылдары экологиялық таза өнімге деген сұраныстың артуы дала бүлдіргенінен дайындалатын тосап, шырын және басқа да табиғи дәмдерге қызығушылықты күшейтті.

Осындай еңбекқор жандардың бірі – Меңдіқара ауданы Аналар кеңесінің төрайымы, қазақ тілі орталығының әдіскері Құралай Кендірбаева. Ауылдастары оны әзілдеп «жидекші Құралай» атап кеткен. Себебі ол бала кезінен табиғат аясында серуендеп қана қоймай, орманның сыйын теріп, еңбектің берекесін көруге машықтанған. Бүлдірген мен саңырауқұлақ теру – оның сүйікті ісі ғана емес, ата-анасынан дарыған өмір салты. Табиғаттың әр мезгілін тиімді пайдаланып, оның сыйын кәдеге жарату – Құралайдың бала күннен қалыптасқан дағдысы әрі еңбекқорлығы.

Жидекші Құралай

Құралай жаз басталысымен қолына себетін алып, орманға бет алады. Жидек теруді ол жай ғана кәсіп немесе табыс көзі деп емес, жанға тыныштық сыйлайтын ерекше іс деп біледі. Ал жиналған бүлдіргеннен дайындалған тосап пен табиғи шырындар отбасының қысқы дастарқанын сәндеп қана қоймай, тұрақты тұтынушыларының да сұранысына ие болып отыр.

– Табиғатқа шығып, жидек пен саңырауқұлақ тергенді ерекше жақсы көремін. Бұл әуестік маған ата-анамнан дарыған. Олар да кезінде осы өңірге белгілі жидекшілер болатын. Еңбекқорлығының арқасында газетке де шыққан еді. Бүгінде сол кісілердің жолын жалғастырып келемін. Мен үшін бұл жай ғана хобби емес, өмір салты. Табиғат аясында жүріп тынығамын, таза ауамен тыныстаймын, жаным сергиді. Жиналған өнімнің бәрін кәдеге жаратамыз. Дала бүлдіргенінен тосап, шырын дайындаймын. Асқабақ пен басқа да жеміс-жидектерден табиғи өнім әзірлеймін. Ешқандай қоспа қоспаймын. Сондықтан тұрақты тұтынушыларым бар. Қаладағы адамдар да табиғи өнімді іздейді. Артығын сатып, отбасыма қосымша табыс табамын, – дейді ол.

Әрине, жидек теру оңай жұмыс емес. Таңнан кешке дейін орманда жүріп, еңкейіп тересің. Кейін үйге әкеліп, түні бойы тазалау қажет. Бірақ адал еңбек ешқашан зая кетпейді. Оның үстіне табиғаттың берген несібесін тиімді пайдаланып, қысқа азық дайындағанның өзі бір ғанибет.

            –Бір аптадан кейін бүлдіргеннің маусымы аяқталады. Одан кейін шие піседі. Ал саңырауқұлақ теруді әкемнің орыс ұлтты достарынан үйрендім. Бала күнімізден жидек пен саңырауқұлақ теріп, сатып, өз қажеттілігімізге ақша табатынбыз. Сол еңбек бізді шыдамдылыққа, табиғатты аялауға және әрбір адал тапқан табыстың қадірін білуге тәрбиеледі, – дейді Құралай.

Үйге де, түзге де үлгерген ана

Күнделікті қызметі, бала тәрбиесі мен үй шаруашылығын қатар алып жүрген кейіпкеріміз ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Үш баланың анасы әрі әже. Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы ретінде қыз-келіншектерге, көпбалалы аналарға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтып келеді. Осындай қажырлы еңбегі мен жан-жақтылығының арқасында ол Астана қаласынан және облыс орталығы Қостанайдан бірнеше мәрте Алғыс хаттармен марапатталған. Өзі Төлеңгіт ауылында дүниеге келген. Қартайған ата-анасына да қарайласады.

            – Тынығып отырғанды жақсы көрмеймін. Үнемі жыбырлап, еңбек етіп, жан-жағыма жылу сыйлап жүргенді жақсы көремін. Сондықтан болар, жұмыстан келе сала орманға асығамын. Жауын көп болған жылы жидек те ерекше мол болады. Биыл соның куәсі болып отырмыз. Нарықта жидектің бағасы қымбат. Сондықтан кейде балаларымды ертіп, табиғатқа шығамын. Бір жағынан таза ауада демаламыз, екінші жағынан қысқа азық дайындаймыз. Алысқа барудың да қажеті жоқ. Аудан маңындағы орман-тоғайдың өзінде бүлдірген жеткілікті, – дейді Құралай.

Шынында да, бүлдірген теру – тек табиғат сыйын пайдалану ғана емес. Бұл – атадан балаға жалғасқан еңбек мектебі. Балалар үлкендермен бірге табиғатқа шығып, жидек терудің қыр-сырын үйренеді, еңбекқорлыққа тәрбиеленеді. Ал кешкісін бүкіл отбасы жиналып, жиналған жидекті тазалап, тосап қайнатады. Осындай қарапайым сәттердің өзі отбасы мүшелерін жақындастырып, ерекше жылулық дарытады емес пе.

            Суреттер кейіпкер мұрағатынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3