Денисов ауданының белсенді жасы Қостанайдың үздік қарауыл бастығы атанды

Денисов ауданының белсенді жастарының бірі, ерікті, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ерлан Срымов облыстық «Үздік қарауыл бастығы» байқауында жеңіске жетті

Бұл сайысты жуырда Қостанай облысының Төтенше жағдайлар қызметі ұйымдастырған болатын. Оған аймақтың әр аудан, қалаларынан өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары қатысты. Үміткерлер жауынгерлік әзірлігі мен кәсіби дағдыларын шыңдап, өзара сынға түсті. Байқау қорытындысында жерлесіміз, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ерлан Срымов жеңімпаз атанды.

Ерлан Мұратұлы Денисов ауданына белгілі еріктілердің бірі. Азаматтық қорғау саласында, соның ішінде өртке қарсы күрес қызметінде 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын өрт сөндіруші қызметінен бастаған. Одан кейін аға өрт сөндіруші, бөлімше командирі, 2024 жылы қарауыл басшысы лауазымына тағайындалды. Бүгінде Денисов ауданында тұрады. Ауданымыздағы еріктілер қызметіне белсенді үлес қосады. Алайда, бір ай бұрын көршілес Жітіқара ауданының ТЖБ №12 өрт сөндіру бөліміне қарауыл бастығы болып ауысты. Көрші ауданда еңбек етсе де, Денисов ауданындағы еріктілер қозғалысының дамуына атсалысуда.

– Қарапайым еңбек адамдарының отбасында өстім. Әкем – өрт сөндіруші, анам – медбике. Бала кезімнен ата-анамның қандай жұмыс істейтінін бақылайтынмын. Есейе келе әкемнің соңынан еріп, жолын жалғауға шешім қабылдадым. 2017 жылы әкем құрметті демалысқа, зейнеткерлікке шықты. 2018 жылы мен әскери борышымды өтеп келіп, азаматтық қорғаныс органдарының қатарына қабылдандым. Яғни, өртке қарсы қызмет саласына,-деген ол мамандығын ерекше құрметтейтінін жеткізді.

Отбасы мүшелері де өрт сөндіруші қызметіне аса мақтанышпен қарайды. Әкесі кейде баласына ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөліседі. Өйткені бұл үйде бәрі қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүр. Бірі адам өмірін сақтап, денсаулығы үшін барын салса, екіншісі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында тер төгуде. Ерлан Срымовтың өзі де мамандығымен мақтанады.

– Мен үшін «Үздік қарауыл бастығы» атану ең жоғары марапат. Қостанай облысы бойынша үздік атану, еңбегіңнің жоғары бағасын алу – үлкен құрмет. Бір жағынан адамды шабыттандыра түседі. Сондықтан қуаныштымын. Байқаудың облыстық кезеңінде бәсеке тым жоғары болды. Жігіттер шетінен мықты, тәжірибелі, кәсіби мамандар. Әр қайсысының бойынан жеңіске деген күш-жігер байқалып тұрды,-дейді ол.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті кейіпкер ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1