Денисовтық шебер жасаған қар мүсін Свердлов ауылына сән берді

 Свердлов ауылындағы «Колос» – фирма кеңсесінің аумағына биылғы жылдың нышаны – жылқы мүсіні орнатылды. Асқан ыждағаттылықпен жасалған көркем туынды ауылдың ажарына көрік қосып, маңайға сән беріп тұр.

Аппақ қардан жасалған мына мүсіндер қандай көркем десеңізші! Құдды, бір шынайы тұлпар ма дерсіз. Бұл тамаша туындылардың авторы Юнир Шарипкул есімді азамат. Бүгінде ауыл жұртының қызыға тамашалап, суретке түсетін сүйікті орнына айналған мүсіннің жасалу тарихын авторынан сұрап білдік.

-Мұндай шығармашылықпен 20 жылдан бері айналысамын. Ауданның орталық алаңына жылда мұз қалашығын жасайтынмын. Соңғы уақыттары оған қолым тимей жүр. Жалпы, үйдің қасына қар мүсіндерін жасап, ауланы безендіргенді жақсы көремін. «Колос»-фирма кеңсесінде еңбек етемін. Сондықтан биыл жұмыс орнымның аумағына жаңа жылдың нышаны жылқы бейнесін жасап, орнатуға бел байладым. Қазір ауылдың үлкен-кішісінің бәрі осында келіп фотоға түседі,-деп жымиды мүсінші.

Қар мен мұздан мүсін жасау кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Он саусағынан өнер тамған хас шеберге тән қабілет. Юнир Шарипкул дәл сондай шебер азамат. Ол ақ қар, көк мұздан келістіріп мүсін жасауға асқан қызығушылықпен кіріседі. Жан дүниесімен беріліп жасайды. Мүсінші бұрын -30 градус аязға қарамай қардан мүсін жасағанын айтты. Ондай сәтте жұрт таңқалатын көрінеді. Қақаған қыста жалаң қолмен қар илеу, оны икемге келтірудің қаншалықты қиын екенін елестете беріңіз.

-Мұзбен жұмыс істеу оңай емес. Мұз – өте нәзік. Абайламасаң сынып кетуі мүмкін. Сондықтан қарды илеп жасау немесе қарды әбден қатырып, кесіп, қалаған мүсінді шығару жолы әлдеқайда қолайлы. Мен осы бағытты таңдадым. Қарды илеп болған соң, қалаған бейнеңе сәйкестендіріп жонасың. Сосын су құясың. Әбден қатқан соң бояйсың. Көбінесе су эмульсиясы, түрлі түсті колер бояуын қолданамын. Мүсін бөлшектерінің беріктігі үшін  аздап ПВА клейін қосамын. Ауа-райы қолайсыздық танытса, жаңбыр жауса мүсіннің кейпін бұзады. Содан соң қайтадан жаңартуға тура келеді. Күн райы тосын мінез танытпаса мүсін де сол қалпы тұра береді. Ұзақ уақытқа дейін сақталуы да ғажап емес. Көбінесе, бізде ескі жаңа жылдан кейін мүсіндерді жинастыра бастайды. Ешкім тиіспесе наурыз айын дейін тұра береді. Бірақ күтім жасап отыру керек. Бояуы өше бастағанда әрлеп дегендей. Жылқы мүсінінің құрылымы берік. Сондықтан әлі бір апта бұзылмай, шыдас беретіні анық,-дейді Юнир Шарипкул.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді кейіпкер ұсынды

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1