Екі елдің ортасында: Қостанай облысының шекара маңы қалай өмір сүріп жатыр және оны неге жоғалтуға болмайды

Ресеймен шектесетін ауылдар — мемлекеттік шекара әлдеқашан картадағы сызық болудан қалып, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған аумақ

Қостанай облысының Ресей Федерациясымен шекарасының жалпы ұзындығы — 1417 шақырым, оның 892 шақырымы құрлық арқылы өтеді. Облыста сегіз аудан ресми түрде шекара маңы мәртебесіне ие: Қарабалық, Жітіқара, Денисов, Федоров, Меңдіқара, Ұзынкөл, Қамысты және Бейімбет Майлин атындағы аудан. Бұл жай ғана географиялық ұғым емес. Облыстық қаулы деңгейінде шекара маңы елді мекендері деп танылған 114 ауыл бар, ал онда 90 мыңнан астам адам елдің «шетінде» өмір сүріп жатыр.

Мұнда ресейлік телеарналар еркін көрсетіледі, ұялы телефондар автоматты түрде көрші елдің байланыс мұнараларына қосылады, ал Ресейдегі ең жақын қалаға баратын жол кейде өз аудан орталығына қарағанда қысқа әрі сапалы. Дәл осы жерде бүгінде ең өзекті сұрақ туындайды: шекара маңы аумақтары тұрғындары бар аймақ ретінде сақтала ма, әлде біртіндеп жойылып, таратылған елді мекендер статистикасында ғана қала ма?

2025 жылдың соңындағы дерекке сүйенсек, «шекара бойында» 90,9 мың адам тұрады. Бір қарағанда аз емес сияқты. Алайда соңғы бес жылда ғана халық саны 4100 адамға қысқарған.

Ауылдар жай ғана босап жатқан жоқ — олар ресми тізімдер арқылы жойылып жатыр. Мәселен, 2023 жылы Қарабалық ауданында картадан бірден 10 ауыл «өшірілді» (Батмановка, Жаңаауыл, Қарақопа және тағы басқалары), олар ірі елді мекендерге қосылды. Осындай әлі де тіршілігі бар ауылдардың бірі — Өрнек ауылдық округіне қарасты Приречное ауылы. «ТоболИнфо» тілшілері дәл осы елді мекенге жол тартты.

БАЙЛАНЫС АЙМАҒЫНАН ТЫС

Қостанайдан үш сағаттық жол. Алғашында жол жаман емес сияқты көрінеді, алайда Михайлов кентінен кейін өркениет кейін шегінеді. Қар жауған кезде жол нағыз сынаққа айналады, кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген шұңқырлар жаңа жауған қардың астында жасырынып қалады. Көліктің секіретіндігі соншалық, тіпті басыңды төбеге соғып ала жаздайсың.

Автожолдар басқармасынан бізге шекара маңы аудандарындағы жолдардың небәрі 20,5 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда екенін хабарлады. Әрине, солардың бәрі Өрнек ауылдық округіне тиесілі сияқты…

Приречныйға келушілерді осындай SMS қарсы алады

Жол үстінде бір сәтте кенеттен ұялы телефон дыбыс шығарып, «Ресейге қош келдіңіз» деген хабарлама көрсетті. Біз әріптестермен бір-бірімізге қарадық, себебі мемлекеттік шекараны кесіп өткен жоқпыз. Алайда бұл өңірде мұндай жағдай қалыпты құбылыс. Мұнда байланыс та, өмір де әкімшілік шекаралармен сәйкес келе бермейтін өз заңдылығымен жүріп жатыр. Жолдың екі жағындағы егістік пен орман алқаптары кенеттен тікенек сыммен екіге бөлініп кеткен — мемлекеттік шекара дәл осылай, ешқандай артық сөзсіз белгіленеді. Қарабалық ауданының шетінде бұл — күнделікті өмірдің бір бөлігі.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қостанай облысындағы 114 шекара маңы елді мекенінің:

• 68-інде байланыс сапасы жақсы — 4G (77%);

• 34-інде байланыс сапасы төмен — 2G, 3G (39%);

• 12 елді мекенде мүлде байланыс жоқ (14%).

Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы бізге байланыссыз отырған ауылдардың тізімін ұсынды. Олар: Денисов ауданындағы Свердлов ауылы; Жітіқара ауданындағы Аққарға, Волгоградское, Мұқтықөл, Тургенев, Құсақан, Хозрет ауылдары; Меңдіқара ауданындағы Күлшұқай, Төленгіт ауылдары; Федоров ауданындағы Александрополь мен Запасное ауылдары.

— 2025 жылы Ұлттық «Қолжетімді интернет» жобасы (бұдан әрі — Ұлттық жоба) аясында Жітіқара ауданындағы Тасыбай ауылына, Қарабалық ауданындағы Подгородка, Шадиксаев, Өрнек ауылдарына, Меңдіқара ауданындағы Шиелі, Балықты, Молодежное, Байғожа ауылдарына, Ұзынкөл ауданындағы Красный Борок ауылына, Федоров ауданындағы Белояров, Алабутала, Дубров, Затышен, Большое, Калинов, Малороссийка, Полтавка ауылдарына OneWeb спутниктік жабдығы орнатылды, — деп хабарлады басқармада.

Сонымен қатар Starlink спутниктік жабдығы екі ауылда іске қосылған, 2026 жылы тағы бес елді мекенде орнату жоспарланып отыр. Ал 2027 жылға дейін 47 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту көзделген. Бұдан бөлек, 28 ауылда Public Wi-Fi нүктелері ашылады. Приречное ауылында да бірнеше жыл бұрын қазақстандық байланыс пайда болған. Алайда мұнда «Билайн» операторы жұмыс істемейді, сондықтан бізге «роумингке өтіңіз» деген ұсыныстар SMS арқылы келіп жатты.

Приречныйда шекарашылар мен мұғалімдердің тұрақты жұмыстары бар

Приречное бізді күтпеген қиындықпен қарсы алды, әкімдікке жетпей жатып көлігіміз қар құрсауында қалып қойды. Мұнда жол тазалайтын адам жоқ. Бұрын бұл жұмысты жергілікті ЖШС атқаратын, алайда ол жабылып қалған. Қазір ауыл да, оның жолдары да өз тағдырына қалдырылған.

Жергілікті мәдениет үйінің келбеті ерекше көрінеді, ағаш қоршаулар мен мозаика ғимаратты безендіріп тұр,әкімшілік жөндеу жұмыстарын жүргізуге және оны ретке келтіруге уәде береді

Ауылдың дәл ортасында сталиндік стильде салынған мәдениет үйі, мектеп пен Жеңіс саябағы орналасқан. Үш дүкен бар, бірақ автобус қатынасы жоқ. Тұрғындардың бақшаларының дәл артында тікенек сым тартылған, бұл мемлекеттік шекара. Ал Орта Тогызак өзені — екі әлемді бөліп тұрған жіңішке ғана сызық. Арғы бетінде Ресейдің Казановка ауылы орналасқан. Айтуларынша, ол жақта газ бар әрі МТС байланысы тұрақты жұмыс істейді. Сол сигнал бізге де жетіп тұр.

Приречныйдағы үйлерге ресейлік телеарналарды көрсететін құрылғылар орнатылған

Жергілікті тұрғындар ресейлік телеарналарды да еркін пайдаланады, үйлердің төбелерінде «Триколор ТВ», «МТС ТВ» және басқа да спутниктік антенналар ілулі. Приречное ауылында «Қазтелерадио» мұнарасы орнатылғанымен, бәрі бірдей приставка сатып алуға асықпайды. Соның салдарынан тұрғындар әлі де көрші елдің ақпараттық кеңістігінде қалып отыр. Шекара маңындағы ауылдарда теледидар жаңалықтары негізгі ақпарат көздерінің бірі. Бүгінде ондағы халық Қазақстан астанасында не болып жатқанынан гөрі, ресейлік күн тәртібінен көбірек хабардар.

Ауылдың өмірі мектепте қайнап жатыр, ондағы терезелердің бір бөлігі ағаш, бір бөлігі пластик, жақында жылу жүйесі жөнделді

Әкімдікте бізді Юлия Прудникова қарсы алды. Ол мұнда 11 жылдан бері жұмыс істейді. Юлия — шекара маңының тірегі болып жүрген жандардың нақты үлгісі. Экономикалық және заңгерлік білімі бар ол кез келген қалада жұмыс таба алатын еді, бірақ ауылда қалуды жөн көрген. Қызметі бойынша бас маман, ал бос уақытында жергілікті балаларға би үйретеді. Жай ғана, басқа үйрететін адам болмаған соң. Ол бізге Приречное ауылында Tele2 мен Altel байланысы тұрақты ұстайтынын, бұған дейін тұрғындардың барлығы дерлік МТС пайдаланғанын, кейбірінің әлі де сол операторда отырғанын айтты.

Әкімдіктегі қызметкерлерді саусақпен санауға болады, Юлия Прудникова мұнда 11 жылдан бері еңбек етіп келеді

Мәселен, біз әкімдікте отырған кезде бір ауыл тұрғыны eGov порталына кіру үшін келді. Қызметке қол жеткізу үшін растау коды қазақстандық нөмірге келуі тиіс болғандықтан, әйел телефонындағы SIM-карталарды ауыстыра бастады. Юлия оған көмектесті.

— Көшіп кету ойыңызда бар ма? Ұсыныстар әрдайым болады, — дейді Юлия иығын қиқаң еткізіп. — Бірақ мен осы жерде өстім, отбасым осында. Мектептегі балалармен би үйірмесін жүргіземін, іштері пыспасын деп. Ал мәселелерге келсек… Мысалы, пошта бөлімшесі аптасына үш рет, екі сағаттан ғана жұмыс істейді. Медпункт — аптасына екі рет, терапевт Смирновка ауылынан келеді. Қалаған адам жұмыс табады, біреулер шекара бекетінде күзетші, енді бірі шаруа қожалығында еңбек етеді. Бірақ халық көшіп жатыр. Бұрын жаппай кететін, көбісі Ресейге қоныс аударды, қазір сәл бәсеңдеді, дегенмен үдеріс тоқтаған жоқ.

Юлияның айтуынша, маңайдағы бірнеше ауыл жақында таратылған. Ол елді мекендерде небәрі 16 және 22 адам тұрған, енді құжат жүзінде Приречное ауылына қосылған. Осылайша Өрнек ауылдық округінде қазір екі ауыл ғана қалды. Жалпы халық саны — 471 адам, Приречное ауылында — 421, Өрнек ауылында — 51 тұрғын бар.

ЕЛДІҢ КЕЛБЕТІ

Орта Тогызак өзенінің арғы бетінде орналасқан Казановка ауылындағы халық саны да шамалас. Алайда ол жақта бұл адамдар бір ғана елді мекенде тұрады, ал біздің жағдайда — төрт ауылға бөлінген. Бұл өңірді біріктіретін тағы бір фактор «жеңілдетілген» өткізу пункті. Бұрын бақылау-өткізу бекеті арқылы адамдар күн сайын әрі-бері қатынайтын. Бұл ыңғайлы болатын, себебі кейбір тұрғындар Ресейде жұмыс істейді. Өйткені шекаралық бекет осы өңірдегі өмірдің символы әрі Приречное ауылындағы санаулы жұмыс орындарының бірі. Ол жерге бәрі бірдей орналаса алмайды, ал табыс табу әр адамға қажет.

Жол бойындағы тікенек сым Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны көрсетеді

Қазір өткізу пункті аптасына үш күн ғана жұмыс істейді, сәрсенбі, сенбі және жексенбі. Егер кешкі сегізге дейін үлгермесең, келесі «терезені» күтуге тура келеді. Бекеттен тек Қарабалық ауданында тіркеуі бар жергілікті тұрғындар ғана өте алады.

Өткізу пунктінің өзі өте қарапайым, шекарашылар отын жағып жылытатын шағын ғана үй-жай. Шекара заставасында біз Асет Саимовпен тілдестік. Ол әскер қатарында 2005 жылдан бері қызмет етеді, ал Приречное ауылында үш жылдан бері жұмыс істеп жүр.

— Жақында отбасым Қостанайға көшіп кетті. Онда жағдай жақсы, мектеп қалыпты. Ал мұнда үйді жалға аламыз, бағасын көтеріп жіберген, амал жоқ. Пеш жағамыз, суды өзіміз тасимыз. Зейнетке шыққанша осында қызмет етемін де, кейін қалаға, отбасымның жанына көшемін, — дейді Саимов.

Ауылдық округ әкімі Ұразқан Қалдаманов шекара жақты нұсқап:

Біздің келген күнімізде Өрнек ауылдық округінің әкімі Уразқан Қалдаманов аудандық жолды тазалап жүрген камаз көліктерін трассада күтіп, олардан ауылға дейін жетіп, жолды тазалап беруді сұрауды күтіп тұрған еді

— Шекара маңы ауылдары — елдің бет-бейнесі! Шекарашыларға салынған қалашықтарды көрдіңіздер ме? Екі-үш қабатты үйлер, балабақша, мектеп бар. Шекарашы қызметтен келіп, алаңсыз демалады. Ал біздегілер ше? Жеке адамдардан ескі үйлерді жалдап тұрады, қысқа 20 текше метр отын жарып алады. Бір тәулік шекарада қызмет етіп, артынан балтаға жармасады. Сондықтан жастар мұнда қызмет еткісі келмейді, газы бар жерге кетудің жолын іздейді, — деп қынжылады әкім.

Ұразқан Қалдаманов Приречное ауылында 12 жылдан бері жұмыс істейді. Жақында зейнетке шықпақ, сондықтан да ойын ашық айтып отыр.

Түскі ас кезінде ауылдың ең басты көшесінде адам көп, балалар мен мұғалімдер мектептен үйлеріне барады

— Ауылдарды дамыту бағдарламасы 10 жылға есептелген. Бірақ біздің ауылды тізімнен қарасаңыздар, «болашағы жоқ» елді мекен ретінде көрсетілген. Президент ауылдарға көңіл бөлу керек дейді, ал жергілікті деңгейде бізге әлдеқашан үміт артпай қойған. Жолға бірде-бір рет толық жөндеу жүргізілген жоқ, тек 2019 жылы жамалды, содан бері тыныштық. 2026 жылы жөндейміз деп уәде беріп отыр, бірақ күтеміз бе, жоқ па — белгісіз. Ауыл тұрғындары суды тарату пунктінен алады немесе өздері құдық, ұңғыма қазады. Газ бұл жаққа ешқашан тартылмайды — тым алыс әрі «тиімсіз». Кеңес Одағы тарамай тұрған кезде Казановкадан (РФ) газ тарту керек деген әңгіме болған, бірақ үлгермеді. Біз ауыл өмірінің басты тірегі мектепті сақтауға тырысып отырмыз. Егер мектеп жабылса, ауыл да өледі. Балаларға жағдай жасау үшін су тарттық, жаңа қазандық орнаттық, — дейді әкім.

Қостанай облысының білім басқармасының мәліметінше, шекара маңында орналасқан 14 мектеп шағын жинақты. Оның сегізі «оңтайландыру» қаупінде тұр. Приречное ауылындағы мектеп тоғызжылдық, жанында шағын орталық бар. Мұнда шамамен 50 бала білім алады. Сонымен қатар мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер жұмыспен қамтылған. Егер мектеп жабылса, олар үшін жұмыс та қалмайды.

— Бұл жердің тарихы аса терең емес, 1954 жылдан басталады, — дейді Ұразқан Қалдаманов. — Тың игеру кезінде мұнда бос дала болған. Приречное ауылын бүкіл Одақтан, негізінен Ресейден келген жас мамандар құрды. Ол кезде ауылдың аты дүркіреп тұрды.

Алайда бүгінде тарих кері айналып жатқандай. Бір кездері тың жерге келіп, жаңа өмір бастағандар енді қайтадан көшіп кетіп жатыр.

— Балалар мұнда тоғыз сыныпты бітіреді. Одан кейін қайда барады? Ата-аналар оларды Ресейге, көбіне Челябіге жібереді. Ол жақта туыстары бар, жұмыс табу жеңілірек, ипотекалық бағдарламалар да қолжетімді. Балалар сол жерде орнығып, отбасын құрып, тамыр жаяды да… ата-анасын алып кетеді. Мұнда тек алып кететін адамы жоқтар қалады. Халықтың 30 пайызы — зейнеткерлер. Яғни ауылдағы әрбір үшінші адам жұмыс істей алмайды, — дейді Қалдаманов.

«Жойылу» — бұл тек жастардың азаюы емес, сонымен қатар емдейтін және оқытатын мамандардың аса қатты тапшылығы. Приречное ауылындағы медпункт әрең жұмыс істеп тұр, бірақ бұл — облыс көлеміндегі ортақ мәселенің көрінісі ғана.

Денсаулық сақтау басқармасынан ресми сұрау салу арқылы алған дерекке сәйкес, 2025 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша облыста 332 маман жетіспейді. Оның 152-сі — дәрігер, 180-і — орта буын медицина қызметкерлері.

Мемлекет бұл мәселені қаржылай ынталандыру арқылы шешуге тырысып отыр, қалаларда дәрігерлерге — 3,5 млн теңге көтерме ақы, ауылдық жерлерге — 5 млн теңге, ал шалғай аудандар мен аса тапшы мамандықтар үшін 7-8,5 млн теңгеге дейін қарастырылған.

Алайда үйді жылыту үшін жарты күн отын жаруға тура келсе, қандай жас хирург немесе педиатр мұнда келеді? Ақша — жақсы, бірақ су алу үшін колонкаға бару керек, байланыс жоқ жағдайда ешқандай миллион да адамды ұстап қала алмайды.

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУ МА, ӘЛДЕ СОҢҒЫ КЕЗЕҢ БЕ?

Қазақстанда шекара маңы ауылдарының мәселесі көптен бері айтылып келеді. Мәжілісте бұл жағдайдың дағдарыстық деңгейде екені мойындалады. Шекаралық аумақтардағы «цифрлық оккупация» мен инфрақұрылымның күйреуі мәселесі парламент қабырғасында екінші жыл қатарынан талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл, өзі де шекара маңындағы елді мекенде өскен, бұл тақырыпта ашық сөйлейді.

— Ұзақ уақыт бойы бұл ауылдар орталық және жергілікті биліктің назарынан тыс қалды, — деді депутат «ТоболИнфо»-ға берген сұхбатында. — Жолдар нашар, байланыс мүлде сын көтермейді. Қазақстан азаматтарының өз елінің аумағында жүріп роумингке мәжбүр болуы — баршаға белгілі факт. Біз бұл мәселені ұсақ, тактикалық шешімдермен еңсеру мүмкін еместігін түсіндік.

Еркін Әбілдің айтуынша, Мәжіліс «Шекара маңы аумақтары туралы» арнайы заң жобасын әзірлеуді бастамалаған. Бұл құжат Приречное секілді ауылдарға ерекше мәртебе мен қосымша мүмкіндіктер беруі тиіс.

Заң жобасы ұзақ уақыт бойы Үкімет дәліздерінде «жүріп», дәл осы айда Мәжіліске соңғы қарауға қайта оралды. Депутаттар оны ағымдағы сессия аяқталғанға дейін қабылдауды жоспарлап отыр. Ал бұл заң елдің «шетінде» тұрып жатқан адамдарға не береді?

Біріншіден, экономикалық басымдықтар мен инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жол, газ, су секілді мәселелер енді «тиімділік» өлшеміне байланып қалмайды. Екіншіден, халыққа арналған жеңілдіктер қарастырылады. Депутаттар арнайы үстемақылар немесе өзге де преференциялар енгізуді талқылап жатыр. Мақсат — шекарада өмір сүруді сынақ емес, артықшылыққа айналдыру.

— Нақты нормалар туралы айту әлі ерте, олар талқыланатын болады, — деп түйіндеді Еркін Әбіл «ТИ»-ге берген жауабында. — Алайда шекара маңы ауылдарының мәселесі бүгінде Мәжілістің басым бағыттарының бірі екені және біз жақын арада өзгерістер енгізгіміз келетіні — анық.

БАЛАМА СЦЕНАРИЙ

Дегенмен шекарада өмір сүрудің тек жаман жақтары бар деп айта алмаймыз. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында (БҚО) шекаралық мәртебені экономикалық ресурсқа айналдыруға талпыныс бар. Онда бүкіл Қазақстанға үлгі болуға тиіс жоба — «Еуразия» шекарааралық сауда орталығы (ШСО) іске асырылып жатыр.

«Еуразия» трансшекаралық сауда орталығының картасы, оның аумағында жалпы көлемі 281 гектарды құрайтын индустриялық аймақ қалыптасуда (БҚО)

Ескі ауылдарды жамап-жасқаудың орнына, БҚО билігі жаңа экономикалық тартылыс нүктесін құруға басымдық берген. Хаб «Бәйтерек» шекара маңы ауданында, Орал әуежайына және Самара, Саратов, Орынбор бағытындағы негізгі магистральдарға жақын жерде салынып жатыр.

Аумағы 281 гектарды құрайтын индустриялық аймақта барлық инженерлік инфрақұрылым мемлекет есебінен жүргізілген, газ, жарық, су бар. Жобаға шамамен 140 млрд теңге инвестиция салынған. Қазіргі таңда онда 16 кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде асфальтбетон, газоблок өндіретін зауыттар мен шиналарды қайта өңдеу кәсіпорындары бар. Жобаның мақсаты қарапайым — өнімді осында шығарып, Ресей нарығына экспорттау. Бұл Қазақстандағы жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындарын ашып, көрші елге табыс іздеп кетуге балама ұсынуы тиіс.

«Еуразия» жобасы Еуразиялық даму банкінің қолдауымен қаржыландырылып отыр және 2026 жылы толық іске қосылуы жоспарланған. Бұл — шекараны өндірістік алаңға айналдыруға жасалған талпыныс. Алайда әзірге бұл тәжірибе жергілікті деңгейде ғана қалып отыр, инвестициялар көлік дәліздері дайын әрі ірі қалаларға жақын аймақтарға бағытталуда.

Шекара — ең алдымен адамдар. Ал Приречное ауылында әлі де терезелерден жарық көрініп тұрғанда, бұл жерді тек карталарда ғана емес, шынайы өмірде де сақтап қалуға мүмкіндік бар. Ең бастысы — «Ресейге қош келдіңіз» деген соңғы SMS хабарлама тұрғындар үшін көшіп кетуге арналған түпкілікті шақыруға айналып кетпей тұрғанда үлгеру.

«Бұл жарияланым Еуропалық Одақтың «CARAVAN: Шынайы тарихтар арқылы аудиторияның тұрақтылығын арттыру» жобасы аясында Internews ұйымымен қаржыландырылды. Жарияланым мазмұны үшін жауапкершілік толықтай «ТоболИнфо» ақпарат агенттігіне жүктеледі және ол Еуропалық Одақ пен Internews ұйымының көзқарасын міндетті түрде білдірмейді».

Асхат НУРТАЗИН, Полина ЦИММЕР,  суреттерді түсірген Лариса БОЖКО, инфографиканы жасаған Максат КАНАПЬЯНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2