Көлқамыс ауылында медпункт ашылды

Аталған нысанның ашылу салтанатына арнайы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы мен Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Серікұлы келді

Ауылдық ағайындардың қуанышына ортақтасқан меймандар өздерінің тілектестіктерін білдіріп, «Сыма-К» шаруа қожалығының жетекшісі Манат Карбозовқа алғыстарын айтты. Аудан әкімі Шота Оспанов құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек» деген сөзін тілге тиек етіп, Мемлекет басшысының тапсырмасы алғашқы болып шағын ауылда жүзеге асып жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, «Сыма-К» шаруа қожалығының жетекшісі Манат Кәкімжанұлына және құрылыс жұмыстарына белсене араласып, елдің игілігі үшін бар күштерін жұмсаған ел азаматтарына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды.
Қостанай облысының, Арқалық қаласының, Жангелдин ауданының «Құрметті азаматы», еңбек ардагері Кәкімжан Карбозов арнайы келген меймандарға елдің атынан алғыс айтып, ақ батасын берді.

Медициналық пунктің лентасы салтанатты түрде қиылып, қазақы дәстүрмен шашу шашылды. Аумағы 96 м2 болатын медициналық пунктің құрылыс жұмыстарына «Сыма-К» шаруа қожалығының есебінен 22 млн теңге қаржы жұмсалды. Заман талабына сай салынған медициналық пункте фельдшер кабинеті, емшара және егу бөлмесі бар. Аталған әлеуметтік нысан жиһаздармен және барлық қажетті жабдықтармен толығымен қамтылды. Оны сыртында жедел – жәрдем көлігі тұратын жылы тұрағы да бар.

– Әр ауылда осындай игілікті жұмыстар жүзеге асып жатса, ауыл экономикасы сөзсіз ілгерлейді. Оның ішінде шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер ауылдың дамуына үлес қосса, еш артықшылығы болмас еді», – дейді Кәкімжан Карбозұлы.

Осы тұрғы да Көлқамыс ауылының тыныс – тіршілігі басқа ауылдарға қарағанда алдыңғы саты да тұр. Шағын ауылдағы тұрғындар қазіргі таңда қаладағы тірлікпен теңесті. Үйге тартылған су құбырының шүмегін бұраса, жылы суға қол жуасыз. Әжетхана мен жуынатын бөлме де бар. Көшесінің көркіне көз тоймайды. Қаз қатар отырғызылған ағаштар жайқалып өсіп, көше сәнін келтіріп тұр. Жаяу жүргішілер жолына қиында тастар төселген. Ауыл халқы күнделікті жаңалықтардан кенже қалған емес. Баған басына орнатылған радио арқылы бәрін естіп, біліп отырады. Жылына жоқ дегенде екі үй салынып, ауылға келген жас мамандарды баспанамен қамтуды дәстүрге айналдырған. Қыстық отын мен мал азығы шаруа қожалық есебінен. Ауыл аты да айшықталып жазылған. Осының барлығы ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен бірлігінің арқасы деп білемін.

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31