Әлемнің мәні – әйелде Торғайда өткен ашық диалог

 Қоғамның өркендеуі – ең алдымен отбасының беріктігінен басталады.

Ал отбасының жүрегі – ана. Ана аман болса, ұрпақ аман. Ұрпақ аман болса, ұлттың болашағы нық. Бүгінгі таңда қоғамға еңбегі сіңген аналармен ашық диалог құру – тек әлеуметтік бастама емес, стратегиялық маңызы бар қоғамдық қажеттілік. Осы мақсатта және Алғыс айту күні қарсаңында Жангелдин ауданының орталығы Торғайда Көшбасшы әйелдер клубының мүшесі Сәуле Дүйсенованың ұйымдастыруымен мазмұнды әрі еркін форматтағы диалог алаңы өтті. Кездесуде аналардың қоғамдағы рөлі, жеткен жетістіктері, отбасы құндылықтары және заманауи өмірдің өзекті мәселелері кеңінен қозғалды.

Сәуле Бақытжанқызы аталмыш іс- шараны ашып, жүргізіп отырды.

Басқосуға түрлі салада табысқа жеткен торғайлық аналар шақырылып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Әлеуметтік сала бойынша сөз алған Гүлжан Нұрмағзұм бұл бағыттағы жұмыстың жауапкершілігі зор екенін атап өтті. Көзі көрмейтін, жүріп-тұруы шектеулі азаматтармен жұмыс істеу үлкен сабыр мен жан жылуын талап ететінін жеткізді.

Оның айтуынша, көп жағдайда қоғам бұл еңбектің ауырлығын толық түсіне бермейді. Дегенмен бүгінгі күні әлеуметтік саланың маңызы айқындалып, қамқорлық мәдениеті нығайып келе жатқаны қуантады.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда сый-құрметке лайықты. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, себебі кез келген еңбек – қадірлі!. Осындай еселі еңбегімен ел анасына айналған жандар арамызда жетерлік.

Кездесуде сөз алған тағы бір кейіпкер – ауданнан шыққан алғашқы тракторшы әйел Нұрбибі Жабағина. Мектепті аяқтағаннан кейін оны комсомол жолдамасымен еңбекке жібергенін, екі жыл бойы мал бордақылау бригадасында жұмыс істеп, еңбекпен шыңдалғанын айтты. Сол кезеңде әйгілі механизатор, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаевадай ауыр техника жүргізуді армандағанын, К-700 тракторын тізгіндеуді мақсат еткенін жеткізді. Бұл ойын туған ағасына айтып, оның кеңесімен алдымен үш айлық курсты оқып алғанын, кейін ағасына еріп еңбек жолын бастағанын еске алды. Алғашында жұрттың «қыз балаға ауыр техника айдау қиын» деген күмәнмен қарағанын да жасырмады. Соған қарамастан, ауылда жем-шөп дауындау науқанына қатысып, кейін Державин – Арқалық, Арқалық – Торғай бағытына қатынап, жүк пен көмір тасымалдағанын баяндады. Бастапқыда зауыттағылар сенімсіздік танытқанымен, уақыт өте оның іскерлігіне көз жеткізгенін атап өтті. Төзім мен табандылықтың арқасында еңбегі бағаланып, облыстық кеңестің екі мәрте депутаты болып сайланғанын, түрлі деңгейдегі іс-шараға қатысып, марапатталғанын айтты.

Бүгінде немере сүйіп отырған ардақты әже екенін ризашылықпен жеткізді. «Әженің сүйген жері отқа күймейді, оқ та тимейді» дейді халқымыз. Ұлттың генетикалық коды да – әженің әлдиінде. Нұрбибі Қабенқызының әңгімесі жиынға қатысушыларға үлкен мотивация болған секілді. Ол «Қорқыныш – уақытша, ал еңбекпен келген абырой – мәңгі» деген ойды айқын аңғартқандай болды.

Ұзақ жылдар бойы ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан, адам жанының бағбаны Гүлнара Тайжанова ұстаздық жолдың биік жауапкершілігі мен қоғам алдындағы миссиясына тоқталды. Шәкірт тәрбиелеу барысында кездескен қиындықтар, әр баланың жүрегіне жол табудың маңыздылығы туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Бүгінде талай шәкіртінің түрлі жетістікке жетіп, елдің абыройын асқақтатып жүргенін мақтанышпен жеткізді.
Ал ұстаз-спортшы Алуа Мұхамедиярова өз сөзінде спорттың жас ұрпақ бойында тәртіп пен табандылықты, намыс пен қайсарлықты қалыптастыратын маңызды тәрбие мектебі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өзінің өмірлік, ұстаздық жолынан кеңінен мәлімет берді. Оның шәкірттері аудан, облыс намысын қорғап, биік белестерді бағындырып келеді. Бұл – жүйелі еңбектің және дұрыс бағыт-бағдардың жемісі.

Кездесу барысында Нұрхан Ахметбеков атындағы Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар клуб төрайымы Жадыра Қошеметова іс-шараның мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық азаматтарға ризашылығын айтып, Әйелдер күштері альянсының Қостанай облыстық филиалының төрайымы Римма Бектұрғанованың Алғыс хаты мен сый-сияпаттарын табыстады.

P.S.Өркенді өмір – өздігінен келмейді. Ол – өзара түсіністік пен ынтымақтың жемісі. Аналармен ашық диалог орнату арқылы біз тек бүгінгі мәселені шешіп қоймаймыз, ертеңгі күннің берік іргетасын қалаймыз.

Анаға құрмет – ұлтқа құрмет. Анаға қолдау – болашаққа қолдау. Ал болашағы берік елдің ғұмыры ұзақ болмақ.

Гүлім ЫСМАҒҰЛ,
Жангелдин ауданы Көшбасшы әйелдер клубы мүшесі
Суреттерді түсірген – автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2