Меңдіқара аудандық ауруханасы халық денсаулығы күзетінде
Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Соңғы жылдары медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстар шалғай ауылдық аймақтарды да қамтып отыр.
Меңдіқара ауданында да денсаулық сақтау саласы кезең-кезеңімен жаңарып, заманауи талаптарға сай дамып келеді. Басты мақсат – аудан тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына жағдай жасау. Бүгінде аудандық аурухана халық денсаулығын қорғауда маңызды міндет атқарып келеді. Аудандық аурухананың негізгі бөлімшелерінің бірі – кешенді бөлім. Бұл бөлім тәулік бойы стационарлық медициналық көмек көрсетеді. Мұнда терапиялық, хирургиялық, паллиативтік және медициналық оңалту төсектері жұмыс істейді. Сонымен қатар ауыр жағдайдағы науқастарға арналған қарқынды терапия палатасы қарастырылған.
Бөлім құрылымында операциялық блок та бар. Онда жоспарлы және шұғыл хирургиялық оталар жасалады. Науқастарға терапевт, хирург және анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер көмек көрсетеді. Олардың жанында орта буын және кіші медицина қызметкерлері тәулік бойы еңбек етеді.

Күн сайын аудан тұрғындары түрлі сырқаттармен осы бөлімге жүгінеді. Мұнда жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары, тыныс алу мүшелерінің сырқаттары, асқазан-ішек жолдарының дерттері, неврологиялық және хирургиялық аурулар бойынша ем қабылдауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ аурудан немесе операциядан кейін науқастар медициналық оңалтудың екінші кезеңінен өте алады.
Терапия бөлімінің меңгерушісі Гауһар Асылханқызының айтуынша, бөлім жұмысында паллиативтік көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді.
– Ауыр созылмалы ауруларға шалдыққан науқастарға паллиативтік көмек көрсету біздің жұмысымыздың маңызды бағытының бірі. Біз пациенттердің жайлылығын қамтамасыз етуге және олардың отбасыларына қолдау көрсетуге тырысамыз. Ұжымымыз шағын болғанымен, атқаратын міндетіміз ауқымды. Басты құндылығымыз – науқастардың денсаулығы, қызметкерлердің кәсібилігі және әр адамға деген жанашыр көзқарас. Бөлімнің жетістігі тек заманауи емдеу әдістерімен емес, тәулік бойы аудан тұрғындарының денсаулығын күзетіп жүрген бүкіл ұжымның қажырлы еңбегімен өлшенеді, – дейді бөлім меңгерушісі.
Шынында да, ауылдық жердегі медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше құрметке лайық. Олар кейде күн-түн демей жұмыс істейді, күрделі жағдайларда жедел шешім қабылдайды, науқастардың өмірі үшін күреседі. Әсіресе аудандық ауруханаларда қызмет ететін мамандар бірнеше бағыт бойынша жұмыс атқарып, тұрғындарға қажетті көмектің толық көлемін көрсетуге күш салады.
Осы Меңдіқара аудандық ауруханасында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан дәрігердің бірі анестезиолог-реаниматолог әрі онколог Бейсенбай Жолданов. Ол кісінің медицинадағы жолы 1983 жылдан басталған. Содан бері үзбестен осы салаға адал еңбек етіп келеді. Қостанай медициналық училищесін тәмамдаған жас маман еңбек жолын ауданға қарасты Долбушка ауылында фельдшер болып бастаған еді.
–Алғашында Долбушка ауылында екі жарым жылдай фельдшер болып қызмет еттім. Кейін аудан орталығына ауысып, жедел жәрдем бөлімінде еңбек еттім. Отбасылы болып, балаларым дүниеге келген соң Қарағанды медициналық институтына оқуға түсіп, оны 1994 жылы тәмамдадым. Алғашқы еңбек жолымды Науырзым ауданында хирург болып бастадым. Кейін қайтадан Меңдіқара ауданына келіп, осында жұмысымды жалғастырдым, – дейді дәрігер.
Хирург болып еңбек етіп жүрген кезде ауданда анестезиолог мамандарының жетіспеушілігі қатты сезілген. Осыған байланысты ол қайта даярлаудан өтіп, анестезиология саласын меңгерген.

– Анестезиолог болмаған соң осы бағытта оқып шықтым. Содан бері 30 жылға жуық уақыт анестезиолог болып қызмет атқарып келемін. Бірнеше жыл жалғыз өзім жұмыс істедім. Кейін жас маман келіп еді, ол да тұрмыс жағдайына байланысты басқа жаққа көшіп кетті. Қазір тағы бір жас маман бар, бірақ ол да күзде кетемін деп отыр. Егер кетсе, тағы да жалғыз қаламын, – дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, ауылдық жерлердегі басты мәселе – жас мамандарды тұрақтандыру.
– Ауылға ешкім келгісі келмейді. Келген күннің өзінде көп тұрақтамайды. Сондықтан кадр тапшылығы жылдан-жылға күрделеніп барады, – дейді тәжірибелі маман.
Өткен жылдың желтоқсан айында зейнеткерлік жасқа жеткен дәрігер әлі де жұмысын тоқтатпаған. Елдің денсаулығын бағып, әрі онколог, әрі анестезиолог болып жүр.
– Аурухана басшылығы жұмысты жалғастыруымды өтінді. Науқастарды тастап кетуге болмайды. Сондықтан әзірге еңбек етіп жүрмін, – дейді ол.
Медицина саласындағы кадр тапшылығының ең күрделі тұсы – тәжірибелі дәрігерлердің орнын басатын мамандардың жоқтығы. Әсіресе онкология саласында бұл мәселе өткір сезіледі. Себебі жас дәрігер диплом алғаннан кейін бірден онколог болып жұмыс істей алмайды. Оны бірнеше жыл бойы тәжірибеден өткізіп, кәсіби тұрғыдан дайындау қажет. Онкология бағытындағы дәрігерді толыққанды маман ретінде қалыптастыру үшін кемінде екі-үш жыл уақыт қажет. Алайда жас дәрігерлердің барлығы бірдей мұндай ұзақ мерзімді даярлыққа келісе бермейді. Қазіргі таңда аудандық ауруханада санаулы анестезиолог қана еңбек етіп жүр.
–Жас мамандарды даярлау, оларды ауылдық жерлерге тарту және тұрақтандыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет. Тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау көрсету, кәсіби өсуге мүмкіндік жасау сияқты шаралар қолға алынбаса, алдағы жылдары кадр тапшылығы одан әрі тереңдей түсуі мүмкін, – дейді Бейсенбай Жолданов.
Шынында да, ауылдық жердегі медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше құрметке лайық. Олар кейде күн-түн демей жұмыс істейді, күрделі жағдайларда жедел шешім қабылдайды, науқастардың өмірі үшін күреседі. Әсіресе аудандық ауруханаларда қызмет ететін мамандар бірнеше бағыт бойынша жұмыс атқарып, тұрғындарға қажетті көмектің толық көлемін көрсетуге күш салады.
Айтолқын Әбділда
Суреттерді түсірген Наталья СЕЙДАЛИНА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31