Меңдіқарада агроөнеркәсіп кешені дамып келеді

Соңғы екі жылда Меңдіқара ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында бірқатар маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға тың серпін берілді. Өңірде егін және мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін ұлғайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық берілуде. Инвестициялық жобалардың іске асырылуы өндіріс көлемінің артуына, ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуына және аудан экономикасының нығаюына оң әсерін тигізіп отыр.

Бүгінде ауданға отандық және шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Соның нәтижесінде өндіріс орындары жаңғыртылып, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасы күшейтілуде. Бұл өз кезегінде өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Аудан әкімі Ғабит Бекбаевтің айтуынша, егін шаруашылығында суармалы жер көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл сәуір айында Алешин ауылдық округінде «Бекиров Б.С.» шаруа қожалығы 168 гектар алқапта картоп пен көкөніс өсіруге арналған заманауи суару жүйесін іске қосты. Жобаның жалпы құны 300 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, Ломоносов ауылдық округінде «Арлан» шаруа қожалығы ұқсас жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 150 гектар суармалы жерді қамтитын бұл жоба арқылы мал шаруашылығы фермасына қажетті мал азықтық дақылдар өсірілмек.

Ауданда сүтті ірі қара мал шаруашылығында да ауқымды жобалар қолға алынуда. Екі жыл бұрын Степанов ауылында «Восток-1» ЖШС құны 6,235 миллиард теңге болатын, жылына 9 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасын пайдалануға берілгені белгілі. Ал былтыр қараша айында Каменскуральск ауылында «Каменскуральск» ЖШС бастамасымен тағы бір 1200 басқа арналған сүт фермасы іске қосылды. Құны 4,315 миллиард теңгені құраған бұл кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 6,7 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді.

Бүгінде аталған екі ферма өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарына – «Милх» ЖШС мен «ПК Вита» ЖШС-не тәулігіне 23 тонна сүт жөнелтуде. Бұл көрсеткіш «ПК Вита» кәсіпорнының жаңа фермалар салынғанға дейінгі жүктемесіне тең. Алдағы уақытта сүт өндірісінің көлемі одан әрі арта түседі деп күтілуде.

Ауданның инвестициялық жоспарында жаңа сүт фермаларын салу да қарастырылған. Атап айтқанда, «Каменскуральск» ЖШС тағы бір 1200 басқа арналған ферманы, ал «Агрофирма Қарқын» ЖШС 400 басқа арналған сүт фермасын тұрғызуды жоспарлап отыр.

Етті мал шаруашылығы бағытында да тың жобалар әзірленуде. Иванов ауылында «Исмағұлов Мереке Жақсылықұлы» шаруа қожалығы 1500 басқа дейін ірі қара мал бордақылауға арналған алаң, мал сою пункті және ет өңдеу цехын салуды көздеп отыр. Жобаның болжамды құны – 300 миллион теңге. Ал Боровское ауылында «Береке» шаруа қожалығы қуаттылығы 5 мың басқа дейін жететін ірі мал шаруашылығы кешенін салуды жоспарлауда. Жоба аясында абердин-ангус тұқымын өсіретін репродуктор құрылып, бордақылау алаңы мен мал сою цехы қатар жұмыс істемек. Инвестиция көлемі шамамен 2,8 миллиард теңгені құрайды.

Мал шаруашылығын дамыту барысында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта аудан аумағында бес типтік ветеринариялық пункт пен бес мал қорымын салынады. Нысандар Боровское, Введен, Степанов, Каменскуральск, Теңіз, Красная Пресня және Алешин ауылдарында орналастырылады. Жобалардың жалпы құны 272,5 миллион теңгені құрайды.

– Агроөнеркәсіп кешеніндегі бұл жобалар аудан экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады. Ауыл шаруашылығын қолдау мен инвестиция тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады, – деді аудан әкімі Ғабит Бекбаев.

Жалпы, жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобалар Меңдіқара ауданының аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1