Меңдіқарада жаңа кафе бой көтерді

Қайыржан Есім Меңдіқара ауданының тумасы, Көктерек ауылында кіндік қаны тамып, сол ауылда туып-өскен екен

Бүгінде ауылынан жыраққа кетіп, еңбегін басқа қалада жасағанымен, өз туған ауданында кәсібін ашқанды жөн санаған екен.

Қыркүйек айының 21-і күні «Алма» кафесінің ашылуы өтті. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Меңдіқара ауданының әкімі Нұрлан Қатарбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Жанат Байбулатова, ардагерлер кеңесінің төрағасы Есет Көбеков және аудандық мәслихаттың депутаттары Вера Кожуховская, Берік Ыбырай және Виктория Байкунирова қатысты. Аудан басшысы салтанатты жиында кәсіпкерге ақжарма тілегін айтып, жаңа жұмысқа сәттілік тіледі.

– Біздің ауданнан осындай жаңа нысанның ашылып жатқанына қуаныштымыз. Жаңа нысанның бой көтеруі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген екен. Үлкен мерейтоймен қатар келген үлкен істің бастамасын жақсылыққа балап, ертеңгі күнде кәсіптің дөңгеленіп кетуіне тілек білдіремін. Алдағы күнде аудан тұрғындарының көңілінен шығатын, тұтынушылар дән риза болатын үлкен кәсіпке айналсын деген тілегімді білдіремін, – деді аудан басшысы Нұрлан Жеңісұлы.

Ғимараттың ішін заманауи үлгіге сай етіп жасап, әсемдік пен әдемілікті үйлестіре білген Қайыржан Қайрашұлы аудан халқы мен аудан қонақтарының жанға жайлы демалысы үшін барлық жағдайды жасағанын аңғардық. 50 орынға арналған дәмхана бүгінгі заман талабына сай жасалып, өз тұтынушыларын қарсы алуға есігін айқара ашты.

Жаңа нысанға 10 адам жұмысқа қабылданып, өз еңбектеріне білек сыбана кіріскен көрінеді. «Алма» кафесінің басшысы алдағы уақытта қызметкерлер саны артуының ықтимал екендігін де айтып өтті.

– Туған жерімде осындай дәмхананың болғанын көңілім қалады. Бұл үлкен еңбектің нәтижесі деп білемін. Бүгінгі күнде үлкен сеніммен өз еңбегімізді бастап кеттік. Дәмханамыз күнделікті өз жұмысын атқарып, келушілерді қарсы алуға дайын. Дүйсенбі күні демалыс күні болып саналмақ. Қызметкерлер жұмысқа тартылып жатыр. Алдағы күндерде тұтынушыларымыздың көңілінен шығып, еңбегіміздің жемісін көреміз деген ниетіміз бар. Мұнымен тоқтамай қонақ үй комплексі, авто жуғыш сияқты жұмыстарды қолға аламыз деген де мақсатымыз бар, – дейді кәсіпкер.

Сәулеті мен әдемілігі жарасып, ашылу салтанаты өткізіліп, шашуы шашылған жаңа нысанның бой көтергеніне аудан тұрғындары да қуанышты. Заманға сай, көзге тартымды дәмхана мол табысқа кенеліп, елдің көңілінен шығады деген ойдамыз. Кәсібінен нәсіп тапқан жерлесімізге мол табыс пен жұмысына сәттілік тілейміз.

Тұрсынай МҰХТАРҚЫЗЫ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31