Меңдіқарада жол инфрақұрылымы жаңаруда
Меңдіқара ауданында биыл жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Автомобиль жолдарын жөндеу, ауылішілік көшелерді жаңғырту және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінді.
Биыл аудандағы маңызды жобалардың бірі – Каменскурал ауылынан құрғақ бие сүтін өндіретін фермаға дейінгі автомобиль жолының құрылысы аяқталады. Жалпы ұзындығы 10,368 шақырымды құрайтын жолдың құрылысына 1 миллиард 263 миллион теңге бағытталған. Бұл жоба өндіріс орнына қатынауды жеңілдетіп қана қоймай, инвестициялық жобаның тиімді жұмыс істеуіне және ауылдық аумақтың көлік қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін орташа жөндеуге 575,2 миллион теңге қарастырылған.
Атап айтқанда, ҚР–MD-6 «Қасқат ауылына кіреберіс» автомобиль жолының 0–21 шақырым аралығын орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жоба 2025 жылы басталған болатын. Биыл бұл мақсатқа 320 миллион теңге бөлінсе, 2027 жылы жұмысты толық аяқтау үшін тағы 1 миллиард теңге игеру жоспарланған. Бұдан бөлек, Степанов ауылындағы Ленин және Трактовая көшелерін орташа жөндеуге 128,8 миллион теңге бағытталды. Архипов ауылындағы** Монғолская–Михайловская көшелерін жаңғыртуға 96,2 миллион теңге қарастырылған. Ал Иванов ауылындағы Достық көшесінің 0,8 шақырым жолын орташа жөндеуге 30,2 миллион теңге бөлінді.

Жолдарды жаңартумен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына да басымдық берілуде. Аудандық бюджет есебінен орталық саябақ пен хоккей кортының аумағында 24,4 миллион теңгеге жаңа жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, елді мекендердің көлік инфрақұрылымын дамытуға, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Жаңарған жолдар мен абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырып, ауданның одан әрі дамуына жаңа серпін береді.
Суреттерді аудандық әкімдік ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31